Жаңа 2024 жыл мерекесіне орай “Dauletten” қайырымдылық қорының қолдауымен Қызылорда облысындағы тұрмыстық жағдайы төмен, аз қамтылған, көп балалы және мүмкіндігі шектеулі отбасылардан шыққан 100 балаға тәтті себеттерді тарату шарасы бастау алды.
Тәтті себеттер 25-тен астам отбасы мен 1 мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту орталығының балаларына таратылады. Игі шараны облыстың белсенділері мен волонтерлерінен құралған, Сабыржан Бахытжанұлы, Нұрсұлтан Абибуллаұлы мен Расул Базарханұлы бастаған топ өкілдері атқаруда. Шараға өңірлердегі мемлекеттік мекемелер мен қалалық жастар орталығы қолдау білдіруде.
“Біздің мақсатымыз әр балаға қуаныш пен күлкі сыйлау. Жаңа жыл мерекесіне орай балаларға тәттілерден құралған себеттерді табыстауды бастадық. Балалар біздің болашағымыз. Оларға көңіл бөлмеу болашағымызға балта шапқанмен тең. Сондықтан игі істерді көбірек жасап оларға қолдау білдіруіміз тиіс. Өңірде осындай шараларымыз жиі атқарылмақ” – деді волонтер Нұрасыл Жасұланұлы.
“Қор халықтың игіліне қызмет жасап келе жатыр. Балаларға қуаныш сыйлап, олардың күлімдегені өте үлкен сауап. Біз барлық бастамаларды қолдауға тырысамыз. Қайырымдылық жұмыстарымызды да Қызылорда облысында жиі жасап отырамыз. Бұл халықтың аманаты. Оларды жеткізу біздің міндет. Өңірде қайырымды шараларымыз жалғаса бермек.” – деді “Dauletten” қайырымдылық қорының директоры Жасұлан Бостандықұлы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!