Ұрлық – қоғамдағы ең кең таралған құқық бұзушылықтардың бірі. Адамның жеке мүлкін заңсыз иемдену, меншік құқығын бұзу заң алдында ауыр қылмыс. Әрбір азамат өз мүлкін қорғауға құқылы, сондықтан мемлекет тарапынан бұл мәселе қатаң реттеліп, тиісті заңдар қабылданған. Мақалада Қызылорда қаласының полиция басқармасы ұрлықтың жазасы, оның түрлері және сақтану шаралары туралы тереңірек тоқталып, ескерту жасады.

Өңірдегі ахуалға шолу жасасақ, 2024 жылы аталған қылмыстың тіркелуі 27,4%-ға төмендеген. Қызылорда қалалық полиция басқармасының статистикалық мәліметі бойынша, 2023 жылға қарағанда заңбұзушылықтың әшкере болуы 7,5%- ға, оның ішінде орта санаттағы қылмыстық істер 3,9%-ға, ауыр қылмыстық істер 8,6%-ға жоғарылаған.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде ұрлыққа байланысты баптар нақты көрсетілген. Әдетте, ұрлық жасаған адамға әкімшілік немесе қылмыстық жаза қолданылады. Егер ұрланған мүліктің құны аз болса, ол адамға айыппұл салынады немесе қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы беріледі. Ал егер ұрлық қайталанса немесе ірі көлемде жасалса, қылмыскерге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Мысалы, Қазақстанның Қылмыстық кодексінің 188- бабы бойынша мүлікті ірі көлемде ұрлау 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Ұрлық ауырлығы мен түріне қарай қатаң жазаланады.

– 2023 жылға қарағанда өткен жылы қылмыстың бұл түрі азайды. Ұрлық көбіне адамдар көп шоғырланған, базар секілді қоғамдық орындарда жиі орын алатын. Әсіресе – қалта ұрлығы. Бүгінде оның алдын-алу немесе болдырмау мақсатында профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Ал айыптылар үстінен қылмыстық іс қозғалып, абақтыға қамалды.

Қала қонақтары мен тұрғындары! Сіздерді аталған қылмыстан сақ болуға және алдын алуға шақырамыз. Ұялы байланыс құралы, маңызды құжаттар мен әшекей бұйым секілді құнды заттарға мұқият болып, бөгде адамдарға көрінетін жерде қалдырмауларыңызды сұраймыз.

Көбіміз елемеуіміз мүмкін, дегенмен қылмыскер ұрлыққа түсер алдында сізді барлайды. Егер үйіңізде адам болмаса, үйдің жарық шамдарын қосып кетуге, тонауға себеп болатын жағдайлардан алшақ болуға шақырамыз, – дейді Қызылорда қалалық полиция басқармасының маманы Айдос Амангелдиев.

Сондай-ақ ұрлыққа қатысты жалған ақпарат берген азаматтарға қарасты заң бар. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 419-бабына сәйкес, көрінеу жалған ақпарат берген азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл заң азаматтардың жалған хабарлама беруін болдырмауға және құқық қорғау органдарының жұмысына кедергі келтірудің алдын алуға бағытталған.

Атап айтқанда, жалған ақпарат бергені үшін 33 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады (2025 жылы 1 АЕК – 3 932 теңге, сондықтан айыппұл шамамен 130 000 теңгені құрайды), ескерту немесе қоғамдық жұмыстарға тарту, сондай-ақ түзеу жұмыстары түріндегі жаза қолданылуы мүмкін, сондай-ақ жалған ақпарат қоғамға немесе мемлекеттік қызметке елеулі зиян келтірсе, бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Ұрлық – қоғамға үлкен зиян келтіретін құқық бұзушылықтардың бірі. Әрбір адам жеке сақтығына жауапты болуы тиіс. Заң қатал болса да, ұрлықтың болмауына алдын ала шаралар қабылдау маңызды. Қауіпсіздік жүйелерін қолдану, мүлікті қорғау және ұқыптылық – ұрлықтың алдын алудың басты кілті.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!