Қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылық – әділ соттың айнасы. Заң үстемдігі сақталған жерде азаматтың құқығы қорғалып, сенім беки түседі. Осы тұрғыда 2025 жылдың қорытындысы бойынша сот өндірісінде қаралған қылмыстық, әкімшілік және азаматтық істердің нәтижелері туралы Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Асхат Сабыров баяндап берді.
Өткен жылдың он екі айында сот өндірісіне 69 қылмыстық іс түсіп, олар 122 адамға қатысты қаралды. Ал алдыңғы жылдан қалған істерді қоса есептегенде, жалпы 72 қылмыстық іс 125 адамды қамтыды. Жыл соңында 64 қылмыстық іс 114 адамға қатысты аяқталды.
– Сот үкімімен 42 іс бойынша 69 адам кінәлі деп танылды. Аталғандардың ішінде кәмелетке толмағандар санының басым болуы – алаңдатарлық жайт. Үкім шыққан жасөспірімдер саны – 33.
Тағайындалған жаза түрлері де әрқилы. Бірқатар азаматтарға шартты түрде бас бостандығынан айыру, бас бостандығынан айыру немесе шектеу жазалары қолданылса, кейбірі қоғамдық жұмыстарға тартылды. Сонымен қатар кәмелетке толмаған сегіз адам қылмыстық жауаптылықтан босатылды, – дейді Асхат Аббасұлы.
Тараптардың өзара татуласуына байланысты 15 іс бойынша 35 адам жауаптылықтан босатылды. Ал бірқатар істер бойынша материалдар прокурорға кері қайтарылып, бір іс соттылығы бойынша жолданды. Қылмыстың алдын алу мақсатында 17 жекеше қаулы шығарылып, оның ішінде адвокаттар мен прокурорларға да қатысты қаулылар қабылданды.
2025 жылы сотқа 361 әкімшілік іс түсті. Оның бір бөлігі соттылығы мен өкілеттігіне қарай басқа органдарға жолданса, 331 іс тікелей қаралды.
Нәтижесінде 281 адамға айыппұл салынды, ал 50 іс түрлі негіздер бойынша қысқартылды. Құқық бұзушылық құрамының болмауы, жасалған әрекеттің маңыздылығының төмендігі немесе құқық бұзушының қайтыс болуы секілді жағдайлар осы шешімдерге негіз болды. Әкімшілік істер бойынша 19 жекеше қаулы қабылданды.
Азаматтық сот ісін жүргізу саласында да жұмыс қарқыны жоғары болды. Бір жыл ішінде мыңдаған талап-арыз тіркеліп, 3731 азаматтық іс өндірістен аяқталды.
Шешім шығару арқылы қаралған істердің басым бөлігінде талап қоюшылардың өтініштері қанағаттандырылды. Сонымен қатар бұйрықтық және ерекше іс жүргізу тәртібімен де көптеген арыз қаралды.
Тараптардың татуласуына байланысты медиабильді істер саны да аз емес. Бұл – дауды сотқа жеткізбей, келісім арқылы шешуге деген ұмтылыстың артқанын аңғартады. Азаматтық істер бойынша 16 жеке ұйғарым қабылданып, бірқатар іс заң талаптарына сай қараусыз қалдырылды.
Қорытындылай келе, әділдік пен заңға деген сенім – қоғамның басты тірегі. Ал бұл сенімді сақтау сот жүйесінің күнделікті еңбегімен тікелей байланысты. Өткен жылды қорытындысы соның айқын дәлелі болып отыр.
«АЖ-ақпарат»
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!