Коллаж: Canva

KAZINFORM – Қымыз – халқымыздың ұлттық сусыны. Оның адам ағзасына пайдасы туралы бірқатар зерттеу жүргізілген. Қымыздың, әсіресе, саумалдың пайдасына ешкім де шек келтірмейді. Бір қызығы, халық арасында қымызды көп ішсе, адам масаяды деген пікір бар. Расымен қымыздың құрамында алкоголь бар ма? Қымызды көп ішкен адамды алкоголь ішкен деп санауға бола ма? Осы және өзге де сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

Еліміздегі қымыз өндірісі 

Өткен жылдың 12 айында қымыз өндірісі 10,6% өсіп, 2 463 тоннаға жетті. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 236 тоннаға артық. 

Биыл елімізде 9 айдың ішінде 1240 тонна қымыз өндірілді. Былтырғы осы уақытпен (қаңтар-қыркүйек) салыстырғанда өндіріс көлемі 22,9%-ға азайған. Былтыр 9 айдың ішінде 1 608 тонна қымыз өндірілді.

Қымыздың құрамында алкоголь бар ма? – маман пікірі

«Қымыз – қышқыл дәмді сусын. Сондықтан оның құрамында спирттің үлесі бар. Бірақ, қымыз масайтады немесе алкогольдік сусын деген пайым ғылыми тұрғыдан еш жерде дәлелденбеген. Оның үстіне адам қымызды қанша көлемде ішсе де, алкотестер алкоголь дәрежесін көрсетпейді. Алкотестер адамның ішімдікті қанша көлемде тұтынғанын, яғни масаю деңгейін тексеретін құрал. Ішімдік ішті деген күдікті құралға үрлейді, оның демі арқылы ішімдік ішкені және қай деңгейде екенін көрсетеді. Бірақ, бұл тек алкоголь өнімдеріне ғана қатысты», – дейді Астана қаласының психикалық денсаулық сақтау орталығының дәрігері, психиатр-нарколог Анар Тастембекова.

Анар Тастембекова
Фото: Анар Тастембекованың жеке мұрағатынан

Маманның айтуынша, клиникалық практикада қымыздан алкоголь деңгейін анықтаған жағдай тіркелмеген.

«Қымыз ішкен адамды мас деген күдікпен біздің клиникаға әкеліп, тексерткен жағдай болған емес. Әріптестерімнен естуімше, кейбір өңірлерде қымыздың алкогольдік көрсеткішіне эксперимент жасаған, дегенмен қорытындысы теріс нәтиже көрсеткен», – дейді ол.

национальные блюда  кумыс ұлттық тағамдар қымыз
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Одан бөлек, мас адамдарды анықтайтын тәртіп сақшылары болғандықтан Полиция департаментіне жүгініп, қымыздан мас болған адамдарды ұстау фактілері туралы сұрап көрдік. Елорда полициясының мәлімдеуінше, қымыз ішкен адамды алкоголь тұтынды деген күдікпен ұстау, қамау фактісі тіркелмеген.

Қымыз туралы ислам не дейді?

«Жалпы ислам ғұламалары жылқы сүтіне (бірауыздан) халал үкімін берген. Хидая кітабында жылқы сүтін ішудің оқасы жоқ делінген. Таза табиғи қымыз сусыны «алкогольсіз сусын» ретінде саналады. Ал оның құрамындағы ашығаннан туындаған спирттің мөлшері аз болғандықтан және адамды мас болдыратын көрсеткішке жетпейтіндіктен Ханафи мәзхабының ереже-қағидаты бойынша, харам үкім тудырмайды», – деген жауап алдық Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан.

кумыс
Фото: Kazinform

Сондай-ақ, Діни басқармадан соңғы уақытта шет елдерден келетін қымыздар туралы сұрақтар легінің көбейіп кеткені айтылды. Тұтынушылардың айтуы бойынша бас айналдырып, масайтады.

«Біріншіден, ол өнімдерді таза қымыз санатына жатқызуға болмайды. Оның құрамына бие сүті, сиыр сүті, бал, ашытқылар кіреді. Құрамындағы бал ашыту процесін жеделдетеді. Екіншіден, егер қымызды сақтау температурасы бұзылса, құрамындағы спирттің пайыздық мөлшері көбеюі ықтимал. Үшіншіден, спирт сырттан әдейі қосылды ма, жоқ па ол да белгісіз», – деп түсіндірді ҚМДБ өкілдері.

Осылайша егер қымыз ашытылмаса, яғни ашытқы қосылмаса оны сусын ретінде қолдануға рұқсат.

«Қымызды қоспалар қосып (бал, ашытқылар, қышқыл сүт бактериялары) ашытып, адамды мас ететіндей дәрежеге жеткізсе – ішуге тыйым салынады. Сондықтан да қымыздың таза табиғи түрін қолданған абзал», – делінген ақпаратта.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!