Болашақтың тұтқасы – бәсекеге қабілетті, саналы, сапалы жас буынның қалыптасуында оларға ұсынылатын контент пен шығармашылық жобалардың маңызы зор. Себебі уақыт көшіне ілесу үшін «бой емес, ой жарыстыру» қажет.
Облыстық «Ақмешіт жастары» жастарға арналған түрлі тың жобаларды, ерекше байқауларды ұйымдастырудан жалыққан емес. Осы жолы 7 қыркүйек – «Ақмешіт жастары» газетінің 9 жылдық мерейтойына орай жастардың басты басылымы «Ең қысқа әңгіме» байқауын жариялаған болатын. 18 бен 27 жас аралығындағы жастардың қаламының қарымын сынға салған байқаудың мақсаты – жас буынның шығармашыл әлеуетін арттыру, аймақтың әдеби дамуына үлес қосу. Байқау шартына сәйкес, жас таланттар мазмұн ерекшелігін бұзбай, қысқа көлемді әңгіме жазуы шарт.
18 тамыз күні басталған байқау мереке аясында қорытындыланды. Ондаған қатысушының қысқа әңгімелерін сарапқа салған қазылар алқасы жүлделі I орынға облыстық «Ақмешіт апталығы» газетінің тілшісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Аслан Нұразғалиды лайық деп таныды.
Ал аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің тілшісі Балтабай Ордабеков жүлделі II орынды иемденді. III орынға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің журналистика факультетінің студенті, республикалық қоғамдық-саяси «Халық» газетінің тілшісі Ердәулет Қалиев пен облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жас ақын Ақтілек Бітімбай жайғасты. Үздік деп танылған жастар арнайы дипломдармен қоса «Aray park» кешені, «Coffee like» кофеханасы мен «Ice cream Namen» желісінің сертификаттарымен марапатталды.
Аслан Нұразғали балалық шақ туралы естелік әңгімелерімен әлеуметтік желіде өз оқырманын қуантып жүр. Оның байқауға жіберген «Елес сияқтысың. «Жалақы деген атың ғана», «Кардиологиялық орталықтан келемін. Көңілсізбін. Олар жаралы жүректі емдемейді екен…» деген сынды қысқа әңгімелері оқыған жанды бейжай қалдырмайды. Балтабай Ордабеков «Көпбалалы ана ұялып келді… үй алып берді», «Арбаға таңылған әке. Тоғыз қыз туған ананың көз жасы жібермеді» деген туындылары арқылы қоғамдағы әлеуметтік мәселелер жайлы ойландырады. «Бұл ән бұрынғы әннен мұңдылау», «Ол шынтақтай жерді үш адым жерге алмастырды» деп жазған Ақтілек Бітімбай оқырманға өзінше ой салады. Ал жас тілші Ердәулет Қалиев «Жемқор емес, қамқор бол», «Рас қой? Жұртқа жағу мүмкін емес. Адамға жағамын дегеннің біреуі мылқау, біреуі соқыр, біреуі мүгедек…» деген қысқа әңгімелерімен тәнті етті.
– Прозаның ішінде роман мен повесть сынды көлемділеу дүниелерге қарағанда әңгіме жанры ең қиыны секілді. Себебі шағын ғана әңгімеге бүкіл ойды сыйдыру, оқырманға не айтқың келгенін жеткізе білу, сол арқылы сұрақ қоя білу оңай емес. Облыстық «Ақмешіт жастары» газеті ұйымдастырған «Ең қысқа әңгіме» байқауы бұрын-соңды облыс көлемінде өткізіліп жүрген байқауларға ұқсамайды. Жастар басылымы тың идеяларымен, жарқын жобаларымен ерекше. Сүйікті басылымды 9 жылдық мерекесімен құттықтаймыз! – дейді жеңімпаз Аслан Нұразғали.
Дина БӨКЕБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!