Өткен жылдарға зер салсақ, отандық кино өндірісінің тың қарқын алғанын байқаймыз. Үлкен экраннан көрсетілген туындылар сан жағынан ғана емес, жанрлық ауқымы мен тақырыптық тереңдігі бойынша да айтарлықтай кеңейген. Әсіресе қысқы маусым қазақ киносы үшін қызу кезеңге айналды. Желтоқсаннан басталған премьералар легі қаңтар мен ақпанда да толастаған жоқ. Комедиядан драмаға, әлеуметтік туындыдан мелодрамаға дейін әр бағыттағы жаңа фильм көрерменге жол тартты.

Қыс – әдетте кинотеатрлар үшін де маңызды кезең. Демалыс көбейеді, сәйкесінше сұраныс та артады. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланған режиссерлер мен продюсерлер көрермен талғамын дөп басуға тырысты. Ендігі сауал – сол фильмдердің қайсысы көрермен көңілінен шығып, қайсысы уақыт сүзгісінен өте алды?

Иә, осы маусымда біршама туынды шығып, қайсына билет аларымызды білмей дал болдық. Бірақ «Дәстүр 2: Теріс бата», «Құшақташы, мама!» мен «Ғашықпын саған» фильмі көптің көңілінен шығып, талқыға түскен фильмдердің бірі ретінде есте қалды.

Қысқы экрандағы отандық фильмдер
Фото: ашық дереккөзден

«Дәстүр 2: Теріс бата»

Фильмде Дана есімді қыз әжесінің ауылына келеді. Көп ұзамай бұл ауылда балалардың ежелгі жоралғы бойынша құрбандыққа шалынатынын біледі. Дананың өзі де сол қатігез рәсімнің құрбаны бола жаздайды. Ал қалада оның анасы тергеушімен бірге әр он екі жыл сайын қайталанатын балалардың жоғалу тізбегін зерттеп, қарғыс жайлаған мекеннің ізіне түседі. Құтқарушылар соңғы сәтте келеді, алайда зұлымдықты жеңу үшін ауыр құрбандық қажет болады.

Режиссері – Алишер Утев. Фильм көркемдік шешімімен, ауылдың атмосферасын ерекше жеткізумен, түс пен жарықты қолдануымен жоғары бағаланды. Қара-ақ көріністер мен оңтүстік готикасына тән қою стиль ерекше әсер қалдырады. Дегенмен көрермендер финалдың көмескілеу шыққанын, кей оқиға желісінде логикалық олқылықтар бар екенін және басты кейіпкерлердің ойыны әлсіз болғанын атап өтті. «Сюжеттің кей жері түсініксіз болса да, ауыл атмосферасы әсерлі болды», – дейді қала тұрғыны Айбек Исаев. Иә, олқылықтарға қарамастан техникалық деңгейі мен жанрға жасалған талпынысы оң бағаланды.

Қысқы экрандағы отандық фильмдер
Фото: ашық дереккөзден

«Құшақташы, мама!»

Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада. Фильм көрерменге терең эмоциялық әсер қалдырды. Көпшілік залдан көз жасымен шыққанын, аналарына бірден хабарласқанын жасырмады. Туындыда айтылмаған реніш, ұрпақтар арасындағы үнсіз жара, ананың шаршаған бейнесі шынайы көрсетілген. Көп адам фильмді отбасымен бірге көруге кеңес беруде.

Бұл драма Жалғас есімді табысты ер азаматтың ішкі күйзелісі арқылы өрбиді. Оның отбасы бар, жағдайы да жақсы. Бірақ жан тыныштығы жоқ. Ол балалық шақтағы орындалмаған армандары мен отбасындағы ауыр сәттер үшін анасы Майрашты кінәлайды. Үйдегі жанжалдан кейін, анасының мерейтойы қарсаңында Жалғас оны ауылға өзі апаруға шешім қабылдайды. Жол үстіндегі әр аялдама, әр кездейсоқ кездесу оның өткенін қайта ашып, ең ауыр құпиялармен бетпе-бет әкеледі. Бұл сапар оның өмірге көзқарасын түбегейлі өзгертеді. Себебі көлікте анасы жоқ еді…

Қысқы экрандағы отандық фильмдер
Фото: ашық дереккөзден

«Ғашықпын саған»

Алматы – ең алғашқы махаббатым,
Шығарған Дінмұхаммед атам атын,
Шашады шартарапқа шапағатын, ару қала.

Мектептегі өмірін аяқтап, алматылық студент атанған әр жастың жүрегінде бұл қаланың орны ерекше. Қарбалас, жанталас пен махаббатқа толы Алматыда өмір сүру де қиын, бірақ қызық. Талай жас мұны мойындайды.

Бірде теуіп, бірде тартар өзіне,
Бұл қаладан кете алмайсың безіне.
Күлдіріп ап жас толтырар көзіңе,
Құбылмалы Алматы,

– деген өлең жолдары да сізге таныс шығар. Алматы жайында бекер сөз қозғамадық. Соңғы айда кең танылған киноның бірі – Алматының болмасын көрсететін «Ғашықпын саған» туындысы. Фильм жеңіл романтикадан басталып, кейін меланхолиялық драмаға ұлғасады.

Камилла САҒЫНДЫҚОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің 4 курс студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!