Қыстың қытымыр мінезі қамдану керегін еске салады. Өйткені, көк тайғақта жолдағы қауіп те еселенетіні белгілі. Осы тұста, жол-патрульдік полициясы ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесі қызметкерлерінің жеке автокөлігіне тексеру жүргізді.
Қауіпсіздік талаптарын күшейту мақсатындағы іс-шара – әр қызметкердің амандығын сақтаудағы негіз болды. Арнайы мамандар көліктердің техникалық жағдайын, құжаттардың дұрыстығын және ең бастысы – қысқы дөңгелектердің орнатылуына мұқият қарады.
– Көлік – күнделікті қатынас құралы. Сондықтан, оның талапқа сай болып, дұрыс жабдықталуы өзіміздің де, өзгенің де өміріне тікелей әсер етеді. Оның үстіне, қызметте де, қызметтен тыс уақытта да талап пен тәртіпті сақтау – міндетіміз. Сол себепті, мұндай тексеру жұмысы барынша ұқыпты әрі ыждағатты болуға ықпал етеді, – дейді жеке құраммен жұмыс жөніндегі аға инспектор әділет лейтенанты Фердауси Ертай.
Жол-патрульдік полициясының кәсіби қолдауы мен бірлескен бақылау қызметкерлерге уақытылы ескерту жасап, қауіптің алдын алуға көмектеседі. Мұндай тиянақты тексеріс – қос тараптың амандыққа алаң болып, сақтыққа салғырт қарамайтынына дәлел.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!