Қазақта «Айтпаса, сөздің атасы өледі» деген бар. Алақандай ауылда тұрамыз. Ауыл халқы да бір-бірімен туысқан болып кеткен. Ат төбеліндей тұрғын бір-бірінің жеті атасын да жатқа біледі. Дегенмен елде мәселе көбейіп тұр. Қазіргі жастарға жайлы жұмыс керек, ауыр жұмысқа бармайды. Қазақтың бас ақыны Абай «тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» демеп пе еді?!
Елді аздыратын дүниенің бірі – құмар ойыны. Осы карта дегенге қазір жастар әбден үйір болып алды. Карта жүрген жерде төбелес, айғай-шу, ерегіс болатыны мәлім. Одан қалды, бір- біріне қарызға кіріп, қазір итке бір сүйек қарыз болғандардың қатары өсті. Олар жеңіл жолмен ақша тапқысы келеді. Кейінгі екі айдың өзінде мал жоғалтқан оннан астам тұрғын басын тауға да, тасқа да ұрып жүр. Ертеңгі күні құқық қорғау органдарына шағымданса, балалары өз үйінен ұрлаған болып шықса, кімге өкпелейді? Бұл – облысқа қарасты барлық ауылда болып жатқан жағдай. Міне, осындай жағдай қыс түссе болды, үйреншікті жайға айналып келеді. Қазақта «ауру қалса да, әдет қалмайды» деген бар. Өңірдегі ауылдарда осы дағды қалмай келеді. Тіпті, бір ауылда карта ойнайтын он шақты орта қалыптасқан.
Өрістегі малды былай қойғанда, қорадағы қойды да арқалап кеткендер болды. Олардың өзіне кешірім бергендер әлі күнге қойдың өтемін де ала алмады. «Қарғайын десең, жалғызың. Қарғамайын десең, жалмауызың» дегеннің кері келген сыңайлы.
Ұрлық дегеннің арты қорлық екенін түсінгенімен, нәтиже болмай тұр. Қазір жұмыссыз жастар армиясының қатары толыққан. Бүгінгі жастар тек такси болып, жан қинамай табыс тапқысы келеді. Алысты көздегендер ауылдан үйлерін сатып, қаладан бір-ақ шықты. Бір жылдың өзінде бір ауылдан он бес үй көшіпті. Бүйте берсек, түбінде ауылдан айырылып қалатын сияқтымыз. Алдағы уақытта еліміз тек солтүстікке ғана емес, оңтүстікке де көштің басын бұруы керек тәрізді.
Елді мекендегі жұмыс көзі – мектеп, балабақша және дәрігерлік амбулатория. Онда да жасы бар, жасамысы бар, кейінгі келгендері алдыңғы толқынның зейнетке шығуын күтуге мәжбүр.
Кейінгі уақытта елдегі бірнеше ауыл ішімдіктен түбегейлі бас тартыпты. Бұл – қуантарлық жағдай. Ішімдік дегеніңіз – бар бәленің бастауы. Біз қоғам дертіне айналған картаның өзін тыя аламыз. Ол үшін ерік-жігер жеткілікті. Ал ұрпақты тура жолға бағыттау – үлкендердің мойнындағы жауапкершілік жүгі.
Марат АЛДИЯРОВ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!