Қыс мезгілінде пәтер иелері мен пәтер жалдаушылар арасындағы келіспеушілік жиі кездеседі. Әсіресе жалға алу төлемі уақытында төленбесе немесе жалға алушы келісімшарт талаптарын бұзса, үй иесі оларды шығарып жіберуге тырысады. Massaget.kz тілшісі мұндай әрекеттер заң тұрғысынан қалай реттелетінін тарқатып айтады.
1. Пәтерден шығару туралы жалпы ереже
Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (541-бап) және Тұрғын үй қатынастары туралы заңына сәйкес, үй иесі мен пәтер жалдаушы арасында жасалған келісімшарттың талаптарын орындау міндетті. Егер пәтер жалдаушыны шартты бұзса (мысалы, жалдау ақысын төлемесе немесе үйге зиян келтірсе), үй иесі оны пәтерден шығара алады. Бірақ бұл үшін – алдымен жазбаша ескерту жасау қажет. Қажет болған жағдайда, мәселе сот арқылы шешіледі. Егер келісімшарт тіркелмеген болса, мәселе күрделене түседі, өйткені тараптардың құқықтары анықталмаған болуы мүмкін.
2. Қыста пәтер жалдаушыны шығаруға шектеу бар ма?
Қазақстан заңнамасында қыста пәтер жалдаушыны шығару туралы арнайы тыйым жоқ. Алайда әлеуметтік осал топтарға ерекше жағдайлар қарастырылған: Қазақстан Конституциясының 25-бабына сәйкес әрбір азаматтың тұрғын үйге қол сұғылмау құқығы бар. Кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар, зейнеткерлер және мүгедектер сияқты әлеуметтік осал топтарға сот ерекше назар аударады.
3. Құқықтарды бұзған жағдайда не істеу керек?
Егер пәтер иесі пәтершіні заңсыз түрде шығармақ болса, пәтерші: Қазақстанның Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес өзінің құқықтарын қорғау үшін шағымдана алады. Тиісті органдарға немесе сотқа жүгіну арқылы мәселені шешу мүмкіндігі бар.
4. Үй иесі не істей алады?
Жалдау шартында көрсетілген талаптар орындалмаса, үй иесі пәтер жалдаушыны үйден шығару үшін заңды жолдарды таңдауы керек. Жазбаша ескерту жасап, сотқа жүгіну ең тиімді әрі қауіпсіз әдіс. Қыста пәтершіні пәтерден шығару мүмкін, бірақ бұл тек заң талаптары толық сақталған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Екі тараптың да құқықтары бұзылмауы үшін келісімшарт жасау, оны тіркеу және міндеттерді уақытылы орындау маңызды. Есіңізде болсын, заңсыз әрекеттер тек тараптардың қарым-қатынасын қиындатып қана қоймай, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке де әкелуі мүмкін.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!