Фото: Stan.kz
Елімізде интернет арқылы сатылатын кейбір тауарлардың лицензиясы болмаса, саудасына тыйым салынады. Деректерге сүйенсек, интернет арқылы зат сататындар міндетті түрде тұтынушыға тауардың заңды екенін дәлелдейтін құжатты ұсынуы керек. Әйтпесе, 110 мың теңгеден астам айыппұл салынады. Бұл қаншалықты рас және сатып алушы нені ескеруі керек? Stan.kz ақпарат агенттігі сауда және интеграция министрлігінен нақтылап, заңгердің кеңесін ұсынады.
Импорттық тауарды тиісті сертификатынсыз немесе сәйкестік туралы декларациясыз өткізуге жол берілмейді
Сауда және интеграция министрлігінің редакцияға берген жауабында, Азаматтық кодекстің 422-бабының 4-тармағына сай, заңнамалық актілерде белгіленген тәртіппен сатылатын тауардың сапасына міндетті талаптар көзделгені айтылады. Кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын сатушы сатып алушыға осы міндетті талаптарға сәйкес келетін тауарды беруге міндетті.
«Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның 27-бабының 3-тармақшасына сай, сәйкестігі міндетті расталуға жататын тауарды, оның ішінде импорттық тауарды сәйкестіктің тиісті сертификаттарынсыз немесе сәйкестік туралы декларациясыз өткізуге жол берілмейді. Осылайша, тауарлардың сәйкестік сертификаттары болмаған жағдайда, оларды электронды алаңдарда өткізуге тыйым салынады”, – делінген министрлік хабарламасында.
Заңның 26-бабының 2-тармағына сай, егер сатушы жасайтын қызметтің түрі лицензиялауға жатса, тұтынушыға лицензия, оның қолданылу мерзімі, оны берген мемлекеттік орган туралы «Қазақстандағы тіл туралы» заңға сай келетін қазақ және орыс тілдеріндегі ақпарат, сонымен қатар тұтынушының талап етуі бойынша лицензияның түпнұсқасымен немесе нотариат куәландырған көшірмесімен танысу мүмкіндігі берілуге тиіс.
“Бұдан басқа, қазір электронды сауда алаңдары мерзімді негізде сатушылардың рұқсат беру тәртібіндегі құжаттарын ұсынуын жариялайды. Өнім берушілерден тауар өнімдерін сатып алу туралы тиісті шарттарды, өзекті жүк құжаттарын және т.б. сұратады. Аталған құжаттар болмаса немесе оларды беруден бас тартса, маркетплейс осы сатушымен одан әрі ынтымақтастықты қарастырмайды”, – делінген министрлік берген жауапта.
Биыл 9 айда комитетке және аумақтық департаменттерге 42 907 сұраныс түскен. Сұраныс былтырдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 130,4% өскен (2023 жылы 9 айда 32 899 сұраныс).
Олардың ішінде:
- әлеуметтік желілердегі сауда – 4982 немесе 52,6% (алаяқтыққа байланысты, ІІМ-ге жөнелтілді)
- бөлшек сауда желілерінің интернет дүкендер – 2795 немесе 29,5%;
- маркетплейстер – 1696 немесе 17,9%.
Тұтынушылар мына нәрсеге шағымданды:
– тауар және сатушы туралы ақпараттың болмауы;
– өнімнің сипаттамасына сай келмеуі;
– интернет сайттардың тауарлар мен қаражатты қайтарудан бас тартуы.
“Осы мәселелерге жауап ретінде электронды пошта және WhatsApp чаттарында жедел байланыс арналары құрылды. Атап айтқанда, Wildberries маркетплейсімен бірлесіп, 2023 жылдағы 847 тұтынушының өтініші қаралып, 46 млн теңгеге құқығы қалпына келтірілді. Сол сияқты Kaspi-дүкеннің өкілдерімен жедел байланыс үшін электронды пошта түрінде арналар құрылды”, – деп жауап берді Сауда және интеграция министрлігі.
Сертификацияның міндеттісі де, міндетті емесі де бар
Ал заңгер Ержан Болатбек тауарларға лицензия емес, арнайы сертификат берілетінін нақтылады.
“Еркін түрдегі сертификация бар, міндеттісі бар. Мысалы, медицина бұйымдарының тіркеу куәлігі болуы керек. Ал кейбір тауарларға Еуразиялық экономикалық аумақ аясындағы сертификаттар міндетті. Шетелден тауар алдырса, әсіресе қытайдан тапсырыс берсе, ол жерде экспортқа шығатын тауарларға ешқандай талаптар жоқ деуге болады. Жалпы міндетті сертификацияға жататын тауарлар тізімі Еуразиялық одақтың техникалық регламенттерімен реттеледі. Сертификацияға жатпайтынын анықтау үшін ғана арнайы ұйымдарға жүгінеді”, – деп түсіндірді заңгер.
Оның сөзінше, сертификацияға жатқан-жатпағанына қарамастан сатып алушы тауар қауіпсіздігіне назар аударуы қажет.
“Әсіресе қытайдан келетін тауарлардың қауіпсіздігіне көңіл бөлу керек. Себебі Қытай Халық республикасы арнайы экономикалық аймақтарды құрып, тауар сапасына талаптарды алып тастады. Олар сол тауарды қабылдап алатын мемлекет өздері қадағаласын деді. Бірақ біздің елде ондай қадағалау жоқ. Себебі қатты қадағаласа, бизнеске қысым болып кетеді”, – дейді Ержан Болатбек.
Сонымен қатар тауарлар кеденнен өткенде радиацияға байланысты да тексеріледі. Бірақ заңсыз өтетін тауарлар мұндай тексерістен өтпейді. Ал Алматы барахолкасындағы тауардың көбі заңсыз келген дейді заңгер.
Онлайн дүкендегі тауардың лицензиясын қайдан көруге болады?
Заңгер Бақдәулет Құрманбаевтың айтуынша, Қазақстан заңнамасына сай, онлайн дүкенде сатылатын тауарлар туралы ақпарат ашық және анық болуы керек. Лицензияланған өнімдер үшін мына мәліметтерді дүкеннің веб сайтынан көруге болады:
- Өндірушінің атауы және лицензия нөмірі;
- Өнімнің сәйкестік сертификаты (егер ол талап етілсе);
- Тауардың сипаттамасы, құрамы және сапа кепілдігі.
“Бұл ақпаратты тұтынушылар әдетте өнімнің сипаттамасы бөлімінде немесе сатушының байланыс деректерін сұрау арқылы ала алады”, – дейді заңгер.
Лицензиясы жоқ тауарды сатып алғанда не істеу керек?
Егер тауар лицензиясыз болса немесе сапасыз болып шықса:
1. Тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне жүгініңіз. Бұл ұйым тұтынушылардың заңды құқығын қорғаумен айналысады.
2. Сауда және интеграция министрлігіне хабарласуға болады. Олар лицензиясыз тауар сатылымына жауапты шара қолданады.
3. Сотқа арыз беруге құқығыңыз бар.
“Лицензиясы жоқ өнімді сатып алу тұтынушы үшін заң тұрғысынан жауапкершілік тудырмайды. Бірақ денсаулыққа зиян тигізу немесе материалдық шығын келтіру жағдайында сатушыдан өтемақы талап етуге болады. Қосымша ақпарат алу үшін «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңына жүгінуге болады”, – деп кеңес берді заңгер Бақдәулет Құрманбаев.
Сатушыға қатысты қандай жауапкершілік бар?
Қазақстан заңнамасына сай, лицензиясыз тауар сатқаны үшін сатушы мынадай жауапкершілікке тартылады:
- Әкімшілік жауапкершілік. Лицензиялау талаптарын бұзу Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сай айыппұл салуға негіз болады.
- Қылмыстық жауапкершілік. Егер лицензиясыз тауар адам денсаулығына зиян келтірсе немесе айтарлықтай қаржылай шығынға ұшыратса, Қылмыстық кодекс аясында жауапқа тартылады.
- Мүліктік жауапкершілік: Сатушы тұтынушыға келтірілген зиянды өтеуі қажет (материалдық немесе моральдық шығын). Қосымша ақпарат алу үшін «Лицензиялау туралы» заңға жүгінуге болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!