Елімізде әлі күнге дейін қыз алып қашу дәстүрі тоқтаған емес. Басып алып қашатындарға да жаза күшейтілген. Осы орайда қыз алып қашуға не түрткі, алып қашқандардың жазасы қандай болады деген сауалға жауап іздедік.

Қалыңдықты ұрлау әдеті көптеген елдерде ежелден бар және Орталық Азия елдерінде  әлі де кездеседі. Бұл дәстүр Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Кавказ елдерінде, Грузияда, Шешенстанда тіпті Африка құрлықтарында да бар екен. Егер күйеу жігіт керемет той ұйымдастыра алмаса немесе қыз үшін ата-анасына төлем жасай алмаса, онда оған осы дәстүр көмек береді.

Ел арасындағы қыз алып қашып сотталыпты деген бірлі-жарым қауесет болмаса, бұл тәсілге жүгініп үйленгендердің өзі өзгеге үлгі боларлықтай ғұмыр кешуде. Көп жағдайда алып қашып үйлену екі тараптың да алдын ала келісімімен өрбиді. Нағыз зорлап алып қашу, дәстүрді тұрпайы етіп көрсетудің жөні бөлек. Мұндай жағдайда үйге түскен келін алдында жатқан он кемпірді аттап, ақ орамалыңды таптап кетіп, сотқа беруден еш тайынбайды. Келген қуғыншыға ере кетіп, соңында екі жақ әбігерге түседі. Күйеу бала және оның бірге алып қашқан достары сотталып кетудің сәл-ақ алдында тұрса, қыз байғұсқа «күйеуден қайтты» деген жаман ат тағылатыны бар. Намысқа булыққан кейбіреулері ата-анасы жаман атты болмас үшін босағада қалады. Біздің елде қалыңдықты ұрлау туралы жеке бап жоқ. Қылмыстық кодекстің 125-бабында көрсетілгендей, “Адам ұрлау” фактісімен қолға түскен жан, төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Достарыңмен топтасып қызды құрықтасаң, жазаң 10 жылдан 15 жылға дейін созылатыны заңда анық айтылған. Осы орайда Қазақстанда неке жасы 18-ден басталатынын да ескерген жөн.

Қызды ұзатып алу үрдісі тұрғанда, неге қыз алып қашуға бәрі құмар деп ойлану заңды дүние, бірақ  ұзатып алу қымбатқа түседі. Себебі ұзынсонар, қып-қызыл шығынды талап ететiн дәстүрді айналып өтудің ең бір оңай жолы сол алып қашуға итермелейді екен. Біріншіден, ана сүті деп қой немесе ірі қара беріледі. Сосын әкесіне, бауырларына тиесілі сый-сияпат жасалып, бойжеткен ұзатылса, ұл жағы тағы той жасап думандатады. Қызыңа жасау әзірлеу, тағысы тағы әр отбасының жағдайына байланысты атқарыла береді. Бір тудың астында, бір елде өмір сүріп жатқан соң бұл жай ешкімге таңсық емес. Қарап отырсақ, екі жағдайда шығынның көлемі шамалас. Сол үшін жабайы түрде қыз алып қашу өздігінен тоқтақтайды деп үміттенемін.

Шарафаддин ЕДІЛ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!