Тай тұяғымен серпіліп, ат дүбірімен қорғап қалған туған топырағымыздың болашағын ата-бабамыз өзінен кейінгі буынға аманаттаған. Ұлттық құндылықтың қаймағын бұзбай, аманатқа қиянат етпей, ұлан-байтақ даламыздан қазақылықтың қалыбы сақталуы заңдылық. Тектілік пен құндылықтың жұрнағы ретінде қазақ халқының босағасында тағы да аманат бар. Ол – өрісіңді кеңейтіп, ұлтыңды ұлықтайтын қыз баласы және оның тәрбиесі. Қазақ қашанда қызын «Қызға қырық үйден тыйым», «Астың дәмін келтірген тұздан айналайын, Екі рулы елді жақындатқан қыздан айналайын» деп абыройын асқақтатып өсірген. «Қызды тәрбеиелей отырып, ұлтты тәрбиелейсің, ұлды тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейсің» деп, тәрбие тізгіні арқылы бүтін ұлттың басындағы бағын қондыруға болатынын бір ауыз сөзбен түйіндеп кеткен.

Қыз баласына ең алдымен ұрпақ жалғастырушы болашақ ана, шаңырақтың берекесі ретінде қараған. Еліміздің басты капиталы – адам екенін ескерсек, ұл мен қызға бөліп-жарып қараудың жөні жоқ, әрине. Десек те, тәрбие тініне келгенде қыз тәрбиесінің жауапкершілігі жоғары, құндылығы салмақты екеніне мән бермей өтуге болмайды.

Бала отбасынан толық тәрбие сіңіріп шығуы тиіс. Анадан өнеге, әкеден жігер жинаған қыздың бойында жайсыз мінез-құлық болмайды. Сол себепті қызды нәзік, салтқа берік етіп, өнегелі тәлім-тәрбиеге баулып өсіру – ата-анасының тікелей парызы.

Қазақтың классик жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың: «Әдемі болыңдар, әсем болыңдар! Сонымен бірге ақылды болыңдар. Сұлу болыңдар, сымбатты болындар. Саналы болып, ең алдымен еңбекшіл болыңдар» деген сөзі кейінгі ұрпаққа мықты мотивация болатын сыңайлы.

Нұржан Нұғымадилла,

№135 орта мектептің 11 сынып оқушысы,

Сырдария ауданы, А.Тоқмағамбетов ауылы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!