Адам құқығы – адамзат баласы үшін басты құндылық. Яғни, адамның жасы, жынысы, туған жері, әлеуметтік жағдайы, шыққан тегінің маңызы жоқ. Алайда әлем бойынша жиі құқығы тапталатын топ – әйелдер мен балалар.

Елімізде де әйелдердің жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшырауы, қысым көруі көбеймесе, азайған емес. Таңданарлық жайт, әйелдерге қысым көрсететіндер өзге емес, өзінің айналасындағы жақындары, күйеуі немесе туысы. Өткен жылы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты қазақстандықтар полицияға 120 501 рет хабарлама жіберген. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бір жыл ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты Қызылорда облысы тұрғындарынан 4307 қоңырау түскен. Өңірде әйел құқығы қаншалықты қорғалуда? Статистика не дейді? «Қыздың қырық жаны» бар ма? Әйелдер қалай қорғануы қажет? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

Әйел өлімі орын алды
Әйелдерге зорлық-зомбылық көрсету барлық елде бар. Тіпті, талқыға түсіп, қоғамда қозғалған сайын бұл тақырыпқа көптің құлағы үйренісе бастағандай. Зорлық-зомбылық ешкімді таңдандырмайды, естіген жанды аса алаңдатпайды. Өткен жылы облыста тұрмыстық жанжал салдарынан 2 аса ауыр қылмыс жасалған. Жәбірленуші әйелдердің бірі қайтыс болса, енді бірі мүгедек болып қалды. Жалпы жыл басынан бері отбасындағы кикілжің бойынша полицияға 3 мыңнан астам хабарлама түскен болса, ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал негізінен спирттік ішімдік, қызғаныш және әлеуметтік жетіспеушілік салдарынан туындайды екен. Яғни, қызғанышты әр адамның өзіне салсақ, негізгі себеп ретінде материалдық жағдай мен ішімдікке салынуды атауға болады.
Облыстық полиция департаментінің мәліметі бойынша, 2023 жылдың қаңтар айындағы көрсеткіш бойынша өңірлік 102 нөміріне жанұя жанжалы бойынша күніне 20-25 шақты қоңырау түскен. Бір тәулікте 24 сағат бар десек, сағат сайын 1 қоңырау, 1 отбасылық жанжал. Оның ішінде «зорлық-зомбылық» санатына кіретін ұрып-соғу, күш қолдану, сонымен қатар ер азаматтардың мас күйінде отбасы шырқын бұзу жағдайлары көптеп кездеседі-мыс. Қоңырау шалынды, хабарлама түсті. Әрі қарай не болады? Түскен хабарламалар бойынша аталған мекен-жайға учаскелік полиция инспекторлары мен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының қызметкерлері барып оқиға бойынша мән-жайды тексереді.
Әйелді ұрып-соғу дерегі бойынша азаматшаның арызы негізінде дене жарақаты болған жағдайда арнайы сот-медициналық сараптама тағайындау туралы қаулы беріліп, сарапшы маманның қорытындысына сәйкес, ҚР ӘҚБтК-нің 73-1 бабы (денеге қасақана жеңіл зиян келтіру) 73-2-бабы (денсаулықтың қысқа мерзімге бұзылуына немесе жалпы еңбек қабілетін тұрақты түрде болмашы жоғалтуға әкеп соққан, денсаулыққа қасақана зиян келтіру) он айлық есептік көрсеткішпен айыппұл салуға немесе он тәулікке әкімшілік қамауға алынады.

Заң жүзеге асса…
Жыл басында Ішкі істер министрлігі Бас прокуратураға отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы әкімшілік баптар (ұрып-соғу, денсаулыққа жеңіл зиян келтіру) бойынша санкцияларды күшейту бойынша ұсыныстар әзірлеп жолдады. Заңнама тағайындалмағанмен, ұсыныста 4 бағыт қарастырылуда.
Біріншісі – арыз жазбастан бұрын тұрмыстық құқық бұзушылықты анықтау сипатына көшу. Яғни, полиция қызметкері жәбірленушіден шағым түсуін күтпей, одан бұрын тұрмыстық құқық бұзушылықты өзі анықтап іске кіріседі. Түпкілікті құқықтық бағаны сот шығарады.Екіншісі – қос тараптың татуласу рәсіміне қойылатын талаптарды қатаңдату. Зорлық-зомбылықты алғаш жасаған кезде «дебошир» сотта жәбірленушімен татуласуы мүмкін, ал әрекеті қайталанған болса, құқығынан айырылады.
Үшінші ұсыныс бойынша «ескерту» санкциясы қоғамдық жұмыстарға ауыстырылады. «Жазаның бұл түрі айыппұл және қамауға алумен салыстырғанда ең тиімді саналады. Бұған көшелерді, қоғамдық жерлерді, қыста қар тазалау, жол салу және жөндеу, қала аумағын көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары, сондай-ақ қарттарға, мүгедектерге күтім жасау және әлеуметтік пайдалы бағыты бар басқа да жұмыс түрлері кіреді» делінген ақпаратта.Төртіншісі – отбасылық-тұрмыстық қатынас саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша жазаны қатаңдату.
Осы мақсатта әкімшілік қамау мерзімінің төменгі шегін белгілеу (5 тәуліктен бастап), сондай-ақ құқық бұзушылық қайталанған жағдайда әкімшілік қамау мерзімін ұзарту (20-дан 25 тәулікке дейін) ұсынылған.

Әйел қалай қорғанады?
Кез келген буллинг – сау қарым-қатынастың көрінісі емес. Қос тараптан да кінә бар деп ақтасақ та, қарым-қатынас екі адамның өз-өзімен үздіксіз жұмыс істеуінен, қабылдаудан, өз құқығын қорғап, өзгенің жеке шекарасын сыйлай білуден тұруы заңдылық. «Әйел», «ана», «келін» рөлінен бұрын «адам» ретіндегі денсаулық пен өмір сүру еркіндігі, таңдау құқығы маңызды. Бұл туралы психолог не дейді?
«Зорлық-зомбылық көретін әйел қалай әрекет етуі тиіс? Біріншіден, отбасындағы зорлық дұрыс емес. «Мен мұндай нәрсеге шыдамаймын» деп атын атап, түсін түстеп ашық айтқан дұрыс. Өйткені көбінесе «қателік менен болды, ашуландырып алдым, дұрыс істемедім» деп әйел өзін кінәлайды. Бұл зорлық-зомбылық көрсетуші адамның психикалық жағдайына байланысты. Былайша айтқанда, психикалық ауытқуы бар адам басқа біреуге зорлық жасайды. Психикасы сау адам ешкім­ді ренжіт­пейді, ұрмайды, соқпайды. Сондықтан мәселе әйелде емес, ол жерде кім болса да, агрессия жасар еді. Өйткені ондай адамдар­да бір цикл болады, мысалы, айына бір-екі рет агрессиясы көтеріліп тұруы мүмкін. Ал біз сол психиканың циклдық жұмысын бұрмалап аламыз.
«Сол күні кеш тұрып қалдым, сол күні ыдысым жуылмай қалды, ол сол үшін ашуланды» деген сияқты. Ол ыдыстың дауға түк те қатысы жоқ. Сондықтан бұл адам агрессивті, тым инклюзивті, бұл көрсетіліп жатқан нәрсе зорлық» деп атын атауымыз керек. Екінші нәрсе, қалай әрекет жасауға болады? Бұл жерде жариялылық керек. «Бас жарылса – бөрік ішінде» деген мақалдың мәні жоқ. Жан-жақтың, жақын туыстың барлығы бұл үйде сондай нәрсе болып жатқанын білгені жөн.
Үшінші нәрсе, жалпы сау отбасылық функцияда отбасы мүшесінің әрқайсысы өзінің жағдайын, өз денсаулығын ойлағаны жөн. Өзі де бір әрекет жасауы керек денсаулығы үшін. Ал біз көбіне қандай жағдайды көреміз? Күйеуінің тәуелділігі бар, ішеді, шегеді, карта ойнайды, қандай да бір химиялық заттарды пайдаланады. Ал әйелі ешқандай әрекет жасамайды, өзінің қауіпсіздігін ойламайды, басқа жағдайға деп ақшасын жинамайды. Бұл – қазіргі қоғамның дерті», – дейді психолог Сая Бақимова.

Дина БӨКЕБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!