фото: www.cnews.ru

Өмір мектебіне аяқ басқаныма 19 жыл болса да мен өмірдің шыңға шығумен бірдей екенін түсіндім. Әрине, әр адам қайталанбас тұлға, дегенмен мұны бірі түсінсе, бірі түсіне бермейді. Адамның өмірде бақытты және бақытсыз болуы өз қолында, бірақ біз, арулар қауымы, бала кезден сескеніп өстік. Расында қыз атаулының бәрі нәзік болып келетіні өтірік емес.

Қазақ қоғамында қыз дәрежесі биік тұрғанымен оны мойындамайтындар жетерлік. «Бала – өмірдің гүлі, еліміздің болашағы» дегенді естіп жатамыз. Дегенмен сол ұғымды түсінбей аруларымыздың арын аяққа таптап, өз болашағымызға өзіміз балта шауып жатқандаймыз. Қазірдің өзінде қыз тәрбиелеп отырған отбасы оның өмірі үшін үрейленіп өмір сүреді. Себебі елімізде жәбір көрген, қыршынынан қиылған бүлдіршін қыздардың саны жылдан жылға көбейе түсуде. Бұл жаға ұстатарлықтай азғындықтың саны азая ма десек, одан сайын артып келеді. Бүлдіршінінен айрылып, жүрегі қан жылаған отбасы қаншама?

Жақыныңнан айрылу – өмірдегі ең қиын сезім, ал оның қаншалықты қиналғанын естіп, елестету тіпті ауыр соққы. Қоғамға пайда тигізудің орнына уын шашқан қаскөйлердің кесірінен қаншама қаракөз өмірмен қош айтысып, тағдырларын құрбан етті.

Бұл қылмысты жасаушылардың басым бөлігі түрмеге отырып шыққан адамдар. Олар үшін темір тор демалыс орнына айналғандай, қылмыс жасап үйренген жеріне қайта оралудан сескенбейді. Құдды тас қапас қылмыскерді өзіне тартып тұратындай. Қазақстанда күшейтілген заңдар жоқ емес, дегенмен адам өміріне қатер тигізіп бүлдіршіндер мен жасөспірімдерді қорлаған адамдарға берілетін жаза қылмысына сай ауыр болуы керек деп есептеймін. Себебі заң аясындағы жаза халық көңілінен шықпай, одан бетер бассыздықтың тууына түрткі болуы мүмкін. Мәселен, жуырда ғана Сарыағаш ауданы, Сіргелі ауылында болған оқиғадан кейін де жүзден астам тұрғын «бала ұрлады, зорлады» деп күдікке ілінген жақында ғана жазасын өтеп шыққан қылмыскердің пәтері маңына жиналып, күдіктіні жазалау еркін өздеріне беруді талап етті. Бірақ заң оған келісім бермейтіні рас. Заң қатайса, қылмыс азаяды.

Қазіргі таңда еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін әлеуметтік желілерде белсенді. Қаскөйлерді халық алдына шығарып екі, үш рет өз жазасын беретін болса және бұл ақпараттар әлеуметтік желілерде кеңінен тарап барлығы хабардар болады. Көпшілік пікірінше, оны көрген педофилдердің осындай жазадан соң қылмыс әлеміне бас сұғуға беттегісі келмейді. Мен ата-аналардың өз қызғалдақтарының болашағына алаңдаумен өмір сүргенін қаламаймын. Телеарналарда педофилдер туралы жаңалықтарды естігенде, олардың жауыздық іс-әрекет­терін ойға алғанда, қабырғамыз қайысады. Тіпті мұндай ақпараттың көптігінен төзушіліктің пайда болғанын да байқаймыз. Еліміздегі сорақы зорлық-зомбылық фактілеріне тоқтала кетсек, 2022 жылы Оралда 50 жастағы ер адам 6 жасар қызды зорлаған, ал Түркістан облысында 17 жасар қызды 17 еркек төрт күн бойы зорлаған. Сарыағашта бес жасар қыз 48 жасар азаматтың қолынан айуандықпен қаза тапты. Зорлық, зомбылықтан аман қалған күннің өзінде, қыз баланың өмірі өзін-өзі алдаумен, жұбатумен өтетіні хақ. Психикалық тұрғыдан соққы алып, халық мүсіркеуіне шыдамай өзіне қол жұмсаған қыздар саны да өте көп.

Ең сорақысы бұл естігеніміз қоғамда болып жатқан қатігездіктің бір бөлігі ғана. Атап өткен жайттардан кейін педофилдерге деген жазаны неге ауырлатып, бассыздықтарға тосқауыл қоймасқа?! Дегенмен бұл тек уақыт еншісіндегі сауал…

Лаура САЯБЕКҚЫЗЫ,

Қорқыт ата атындағы

 университеттің

студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!