Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың ошағы, яғни зиялы қоғамның діңгегі. Қызметте табысқан қос жүрек Сағитжан мен Жанерке осы ұғымды жастайынан санасына сіңірген. Негізі қауырт қызметте бірге иық теңестіріп, қызмет ете жүріп, бас қосқан жастар көп емес. Біздің кейіпкерлеріміз – сол жандардың бірі.
Сағитжан Сейітжағыпар 1998 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Сақтапберген Әлжіков атындағы орта мектепті тамамдаған ол 2016-2020 жылы ҚР ТЖМ Көкшетау техникалық институтында білім алды. Ал 2020 жылдан бастап азаматтық қорғау саласында абыроймен еңбек етуде. Бүгінде Қызылорда облысы ТЖД кадр және тәрбие жұмысы басқармасының өзіндік қауіпсіздік тобының бас маманы лауазымында қызмет етіп жүр.
– Жанеркемен 2021 жылы таныстым. Үш жылдай әріптес болып жүргенде оның іскерлігін, пысықтығын, жан-жақтылығын көрдім, ең бастысы ақылына көркі сай екеніне тәнті болдым. Осылайша өткен жылы екеуіміз бас қостық, жас отауға айналдық. Қазір сүйікті де тәтті балапанымыз бар. Иә, Жанеркенің ізгі қасиеті көп. Сол мені баурады, – дейді Сағитжан Қадырұлы.

Сағитжанның жары Жанерке Жүсіпназар 1997 жылы Қызылорда облысы Шиелі ауданында дүниеге келген. Қызылорда көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжін, кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін, Қызылорда ашық университетін бітірген.
– Негізінен 2018 жылдың мамыр айынан бастап желтоқсан айына дейін №6 өрт сөндіру бөлімінде штаттан тыс «радиотелефонист» болып жұмыс істедім. Сол кезеңде осы қызметке деген құлшынысым артты. Адамдарға көмек беру, әскери форма киіп, азаматтық қорғау органдарының жауапты маманы болу деген бала күнгі арманымды орындауға мүмкіндік туғандай болды. Сонымен бірге әкемнің өз кезеңінде өрт сөндіру саласында қызмет еткені маған үлкен мотивация болды, – дейді Жанерке Ерболқызы.
Бүгінде Жанерке Қызылорда облысы ТЖД жоспарлау және жедел басқару орталығы өрт байланысының орталық пунктінің диспетчері лауазымында қызмет етуде.
– Маған Сағитжанның жауапты маман екені, бірсөзділігі, сұңғақ бойлылығы, спортсүйгіштігі, адамгершілігі, оған қоса өнерпаздығы – гитарамен ән салатыны ұнады. Осындай жан-жақты, тәлім-тәрбиелі азаматтың сүйіспеншілігінен – нағыз мен күткен ақ боз атты ханзадам екенін сездім, – дейді ол.
Сағитжан мен Жанерке – ұжымда беделді, жауапты мамандардың бірі. Бір-бірінің қауырт қызметте екенін жүрекпен ұға біледі. Әрі әріптес, әрі бір отбасының адамдары ретінде өмірде де, қызметте де қол ұстасқан жас жұбайлар.
Айгүл АСЫЛҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!