Бүгін өңірлік коалиция өкілдері Қызылөзек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, жаңа Конституция жобасын талқылады. Кездесу барысында заң жобасында қарастырылған негізгі өзгерістер таныстырылып, тұрғындардың сұрақтарына жауап берілді.

Жиынға коалиция мүшелері Раушан Ысқақова, Қызжібек Абдраманова, Арайлым Байжігітова, Берік Шайнуров және ауыл әкімі Сәкен Әбдіжаппаров қатысты. Олар алдағы 15 наурызда өтетін республикалық референдумның мән-маңызы туралы ақпарат берді.

Кездесу барысында қалалық коалиция мүшесі Раушан Ысқақова жаңа Конституция жобасында саяси жүйені жаңғырту мәселелеріне назар аударылғанын атап өтті.

«Жаңа Конституция жобасында мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтуға бағытталған бірқатар өзгерістер қарастырылған. Бұл бастамалар елдің саяси жүйесін одан әрі дамытуға ықпал етеді», – деді ол.

Сондай-ақ жиында сөз алған коалиция мүшесі Арайлым Байжігітова құжатта жастар саясатына қатысты бағыттарға да назар аударылғанын айтты.

Қызылөзек ауылдық округінде жаңа Конституция жобасы талқыланды

«Жастардың сапалы білім алуына, кәсіби дамуына және қоғамдық өмірге белсенді қатысуына жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі. Жастар бастамаларын қолдау және олардың әлеуетін дамытуға бағытталған бағдарламалардың жүзеге асырылуы қоғамның дамуына оң ықпал етеді», – деді ол.

Ал білім саласының өкілі, жалпыұлттық коалиция мүшесі Қызжібек Абдраманова ғылым мен білім саласын дамыту мәселелеріне тоқталды.

«Ғылым мен инновация – ел дамуының маңызды факторларының бірі. Ғылыми зерттеулерді қолдау, жаңа технологияларды дамыту және білім беру сапасын арттыру – мемлекеттің стратегиялық бағыттарының қатарында», – деді ол.

Кездесу барысында тұрғындар жаңа Конституция жобасына қатысты пікірлерін білдіріп, өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Ұйымдастырушылар мұндай кездесулердің мақсаты – тұрғындарды заң жобасының мазмұнымен таныстыру және референдум туралы ақпарат беру екенін атап өтті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!