Қызылорда облысы Полиция департаменті жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. Биылғы жылдың жетістігі деп жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында құқық бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайтын 124 дана құрылғылар штаттық режимде жұмыс жасауын айтуға болады. “Үнсіз күзетші” бүгінге дейін 7 мыңға жуық құқық бұзушылықтарды анықтаған. Бұл туралы Қызылорда облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Нүркен Бақтияров мәлімдеді.
– Қызылорда қаласынан – Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралықта орналасқан 6 дана стационарлық бақылау аркаларға орташа жылдамдықты өлшеу құрылғылары іске қосылды. Сонымен қатар, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында бақылауды күшейту мақсатында жақын орналасқан 32 елді мекеннің учаскелік полиция инспекторлары қызметтік автокөліктерімен күн сайын сағат 12:00–13:00 және 19:00–22:00 аралығында қосымша күш ретінде кезекшілікке бекітілді. Республикалық маңызы бар автожолдардың бойында үй жануарларының қатысуымен орын алатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында жергілікті атқарушы органдарымен бірлесіп, бақташылардың санын және үй жануарларын уақытша қамауға арналған орындарды көбейтіп, одан бөлек үй жануарларына жарық қайтарғыш алқаларын тағу мақсатында иелерімен жиналыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында жүргізушілерді ескерту мақсатында қауіпті аймақтар мен үй жануарлары шығуы мүмкін 51 аумақ бойынша мәліметтерді «Яндекс» навигациялық қосымшасына енгізу жөнінде ұсыныс берілді.Автожолдың бойында өрескел құқық бұзушылықтарды анықтау яғни, жолдың қарсы бағытына шығудың, маневр ережелерін бұзудың және басқа да құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында департамент теңгеріміндегі 4 дана және одан бөлек қосымша «Қазақтелеком» мекемесінің қолдауымен 2 дана ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолданысқа беріліп, жұмыстар жүргізілуде,- деді Нүркен Пралиұлы.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!