Қызылорда – тарихы терең, тағылымы мол, мәдениеті бай, рухани тамыры мықты алып бәйтерек. Бәйтеректің өсіп тұрғанына бүгінде бір ғасыр толды. Бұл уақыт аралығында бәйтерек жетіліп, көктеп, жеміс беріп, халықты қуантты.

Уақыт кеңістігіне сүңгісек, бәйтеректің бастауы – ойшыл, әлемдік ақыл-ойда айрықша орны бар философ, абыз, ғұлама Қорқыттың осы топырақта аунап-өсуі еді. Қорқыттан бүгінгі Үкітай Ерниязовтарға дейін қанша талантты тұлғалар бар. Сөз қадірін түсінген, елге өлеңімен танылып, шығармашылығымен көгерген Әбділдә Тәжібаев сынды ақын-жазушылардың шығуы – осы алып бәйтеректің өрісін кеңге жайды. «Сыр елі – жыр елі» деген атау бүгінде тек Қызылорда қаласына тиесілі. Совет үкіметі кезінде күрішші Ыбырай Жақаев бүкіл Кеңес Одағына танымал болды. Күріш өсірудің асқан шебері, ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосқан, екі мәрте «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған Ыбырай Жақаев бұл бәйтеректің өсуіне өз септігін тигізді. Музыкант, әнші, композитор Батырхан Шүкенов Қызылорда қаласын ғана емес, еліміздің танылуына мүмкіндік жасады. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың сөзге серт екені, айтқан сөзін міндетті түрде орындайтыны – Сыр елі тұрғындарының көп мақтанбай, нақты нәтижеге жұмыс істейтінінің айқын дәлелі. Мәдениет саласында шоқтығы биік Нартай Бекежанов, Роза Бағланова, Нұрлан Қоянбаев, Жанар Дұғалова, Мәдина Садуақасова секілді тұлғалар бәйтеректің жапырағының жайқалуына тікелей әсер етті. Ал әлемнің төрт дүркін чемпионы, спорт саласында ең танымал тұлға – Илья Ильин алып бәйтеректің жапырақтарының әр-алуан болғанымен, бәрі бір миссияға жұмыс істейтінін көрсетті. Бір ғасыр ішінде қаншама жан өз елінің бет-бейнесі үшін намысты қолдан бермеді. Соның арқасында бұл шаһар қазіргі таңда барлық саладан болсын озық қалалардың бірі.

Болашақ – қазіргі істеген әрекетіңнің ертеңгі жемісі. Мен Қызылорданы болашақта ауыл-елді мекендерде инфрақұрылымы дамыған, қоғамдық көлік жүйесі өзгерген, денсаулық сақтау мен білім беру саласында белгілі бір жобалар жүргізілген, әлеуметтік- экономикалық даму қарқыны жеделдетілген қала деп елестеткім келеді. Бірақ олай елестете алмас едім. Себебі бұл бәрібір де орындалатын арман. Ол орындалуы үшін өскелең ұрпақ бір саланы меңгеріп, сол саланың мықты маманы болу керек. Мағжан Жұмабаев атамыз: «Мен жастарға сенемін!» – деп ұрандаған. Себебі жастардың әл-ауқаты тікелей қала өміріне әсер етеді. Мен болашақта бұл шаһардың балаларының толық стандартты білім алғандарын, қаржылық сауатты екендерін, жоғары білім иегері болғандарын, бойларында махаббат, патриоттық сезім, иман, адамгершілік бар екенін, креативті шығармашылық пен критикалық ойлау қабілеттерінің жоғары екеніне сенемін. Осындай өскелең ұрпақ болғанда қаланың бет-бейнесі одан әрі дами түседі. Бұл – талқылауға келмейтін шындық. Қаланың жаны – оның тұрғындарында. Ал жаңа ғимараттар мен мықты жобалар уақыт өте келе ескіреді. Материалдық мәселелер белгілі бір пайызда арманымыз болғаны дұрыс. Бірақ қала, ел болашағында маңызды, басты тақырыптарды құрамауы керек. Ескіргенді жаңартатын, жаңарғанды ескіртетін – адамдар. Бәйтерекке бес елі бақ берсе, әлі талай өркендейді. Себебі оны суарып, күтіп, түбін жаңартатын – жас алаштықтар!

Қызылорда – алып бәйтерек. Бір ғасырдан астам уақыт гүлденсе, одан әрі де гүлденеді. Біз – қаланың бет-бейнесіміз. Намысты қолдан бермеуге үйреткен қоғам қайраткерлері алып бәйтеректі бізге, маған, өскелең ұрпаққа тарту етті. Қызылорда бұрын да алып бәйтерек еді. Қызылорда қазір алып бәйтерек. Қызылорда болашақта алып бәйтерек болып қалады!

Ақмаржан АМАНГЕЛДІ,
«Жас журналист» үйірмесінің мүшесі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!