Билер дәстүрін берік ұстанған облыстық соттың қызметінің бастауы Қызылорданың жаңа облыс ретінде құрылуымен тұспа-тұс келеді. Яғни, Қызылорда 1938 жылы облыс ретінде құрылса, дәл сол жылы облыстық сот та өз жұмысын бастады. Осы уақыттан бастап және Тәуелсіз алған жылдары қазақстандық сот жүйесі қалыптасудың іргелі кезеңдерін бастан өткеріп, сот жүйесінің отандық үлгісі қалыптасты. Өз кезегінде Қызылорда облыстық соты да өзінің тарихи даму кезеңдерінен өтті. Биыл облыстық сот 85 жылдың белесіне шығып отыр.

Қызылорда облыстық сотының 85 жылдығына орай, судьялар мен сот қызметкерлері арасында «Сыр соттары – әділдік айнасы» атты шығармашылық байқауы өткізілді.

Байқаудың мақсаты – Қызылорда облыстық сотының 85 жылдығын атап өту, соттың құрылу тарихын насихаттау, судьялар мен мамандардың арасында шығармашылықты дамыту.

Өнер сайысына Қызылорда қалалық және №2 қалалық соттарынан құрылған «Тұмарымыз – Заңымыз», Байқоңыр қалалық, Арал, Қазалы, Қармақшы аудандық соттарынан құрылған «Төрелік» командасы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандық соттарынан құрылған «Ақиқат», Қызылорда облысы бойынша мамандандырылған соттардан құрылған «Фемида» командалары қатысты.

Байқау қатысушыларының өнерлерін  оставкадағы судья З.Жаңбыршаева, облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы  М.Текетаев, облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Ж.Оспанова, облыстық соттың судьясы Ш.Маликова, Қазақстан Республикасы Сот Әкімшілігінің Қызылорда облысы бойынша Департаменті басшысының міндетін атқарушы Е.Бөрібаев бағалады.

Байқау 2 кезең бойынша өткізілді. Алғашқы кезеңде байқауға қатысушылар өлең оқып, ән айту арқылы өз соттарын таныстырды.

Екінші кезеңде командалар істерді қарау, дауды медиация тәртібімен реттеу, отбасы құндылықтарын сақтау тақырыптарын қозғайтын сахналық қойылымдарды көрермендер назарына ұсынды.

Байқау кезеңдерінің арасында сергіту сәті ретінде Қызылорда облыстық сотының тарихына қатысты  сұрақтар қойылып, дұрыс жауабын тапқан көрермендерге сыйлықтар табысталды.

Байқау қорытындысы бойынша  «Үздік сәлемдесу» номинациясымен «Тұмарымыз-заңымыз» командасы,  «Үздік көрініс» номинациясымен «Фемида» командасы, «Үздік өнер тобы» номинациясымен «Төрелік» командасы марапатталды.

Ал,  «Ақиқат» командасы байқаудың жеңімпазы деп танылды.

Шара соңында Қызылорда облыстық сотының мамандарымен облыстық соттың 85 жылдығына арнайы дайындалған әсем әуен шырқалды. Сонымен қатар, қалалық мәдениет үйінің өнерпаздарының әндері де тыңдалды.

М.Асанова,

Қазақстан Республикасы Сот Әкімшілігінің

Қызылорда облысы бойынша Департаментінің

әдеп жөніндегі уәкілі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!