Қызылорда облысында көлік ішінен гранатаға ұқсас жарылғыш зат табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысы Полиция департаментінің қызметкерлері өңірде «Заңсыз тасымалдаушы» жедел сауықтыру шарасын өткізіп жатыр.

«Аталған шара барысында «Самара-Шымкент» тасжолының бойында күдіктік көлік тоқтатылды. Тексеру барысында көліктің жүксалғышындағы сөмкенің ішінен пакетке оралған гранатаға ұқсас жарылғыш зат табылды. Ал жүргізуші орындығының астынан 2 дана газет қиындысына оралған өзіне тән ерекше иісі бар шөп ұнтағы анықталды. Сараптамаға сәйкес, шөп ұнтақтарының кептірілген марихуана екендігі белгілі болды», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Ведомство мәліметінше, аталған дерек негізінде ҚР Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігі сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүріп жатыр.

Онда қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру тәртібі көрсетілген.

Еске салсақ, осыған дейін Қызылордада жылқыға соғылған көлік жүргізушісі көз жұмғаны хабарланды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!