Бүгін Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Ержігіт Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейінде Полиция департаменті мен Ардагерлер кеңесі басшылығының қатысуымен Отан алдындағы парызын өтеген батыр да қайсар Қайрат Қалеков атындағы «Жас сақшы» полиция сыныбының ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты шараны Қызылорда облысы Полиция департаменті Жеке құраммен жұмыс жөніндегі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Балқожаев Асқар Мажитұлы құттықтау сөзімен ашып, жас өрендердің болашақта құқықтық тәртіпті сақтауда елдің лайықты азаматтары болатынына сенім білдірді. «Жас сақшы» полиция сыныбының мақсат, міндеттеріне тоқталып, ант қабылдау рәсімінде «Жас сақшыларға» куәліктерін табыстады.

1998 жылдың 12 ақпаны – Қызылорда облысы, Қазалы ауданы үшін қаралы күн болды. Жаңақазалы кентіндегі Қазыбек би мен Жамбыл көшелерінің қиылысында спирттік ішімдік ішіп, мас күйде жүрген, бұрын сотталған азамат қолындағы аңшы мылтығымен бейбіт тұрғындарға оқ жаудырды.

Оқиға орнына алғаш болып жеткендердің бірі – патрульдік-бекет қызметін атқарып жүрген Қазалы аудандық ішкі істер бөлімінің милиционері, милиция сержанты Қайрат Қалеков болатын. Ол тәртіп бұзушыны тоқтатуға тырысқан сәтте, қаскөй тура оқ атып, сақшыны ауыр жарақаттады.

Кейін қосымша күш келіп, тәртіп бұзушы ұсталғанымен, ауыр жараланған Қайрат Қалеков емханаға жетпей көз жұмды. Ол өз өмірін қатерге тігіп, бейбіт тұрғындарды қорғай білді. Нағыз батырлықтың үлгісі осы.

Сол бір қаһарлы кеште көрсеткен ерлігі үшін Қайрат Қалеков Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды (қаза болғаннан кейін).

Қайрат Қалеков – 1971 жылы 17 қаңтарда Ресей Федерациясы, Астрахан облысы, Владимир ауданы, Верхний Баскунчак елді мекенінде дүниеге келген. 1991 жылы әскер қатарынан келген соң Қазалы аудандық бөлімінің күзет бөлімшесіне бақылаушы болып жұмысқа орналасқан. Ал 1993 жылдан бастап ішкі істер саласында патрульдік-бекет қызметінде милиционер лауазымын атқарып жүрді.

Қызметіне адал, ер жүрек сақшының ерлігі – мәңгілік жадымызда. Ол – Қазақстан полициясы тарихындағы есімі алтын әріппен жазылатын батырлардың бірі.

«Ер есімі – ел есінде. Ақырғы демі қалғанша антына адал болған әріптесіміздің ғибратты ғұмыры мен жанқиярлық ерлігі туралы сыр шертетін «Жас сақшы» полиция сыныбы ашылып отыр. Батыр әріптесіміздің ерлігі – барлығымызға үлгі, әрі мақтаныш, оның есімі әрдайым жүрегімізде. Кейінгі өсіп келе жатқан жас ұрпақ батыл да қайсар ағаларының ерлігінен үлгі алып, бой түзейді» деді полиция подполковнигі Балқожаев Асқар Мажитұлы

Шара соңында арыстандай айбатты, қырандайын қайратты Қызылорда облысы Полиция департаментінің арнайы жасақ қызметкерлері жауынгерлік күрес тәсілдерін көрсетіп, жас өрендер өнер көрсетті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!