Қызылорда облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ұйымдастыруымен облыс көлемінде оқушылар мен студенттер арасында үздік есірткіге қарсы үндеу жасау сайысы өткізілді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттап, есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру, жастарды зиянды әдеттерден аулақ болуға шақыру.
Сайыста: «Есірткісіз өмір ғажайып!», «Есірткі адам өмірін жалмап, тағдырын күл-талқан етеді!», «Есірткі армандарды өлтіреді!», «Өмірге – “Иә”, ал есірткіге “Жоқ” деп айт!» тақырыптарында үндеу жазып, оны БАҚ жариялау қажет болды. Сайысқа 10–18 жас аралығындағы жастар қатысты.
Байқау іріктеу және қорытынды кезеңдерден тұрды. Қорытынды кезеңге 44 сайыскер жолдама алып, өздерінің шығармашылық қабілеті мен азаматтық ұстанымын паш етті. Қазылар алқасының шешімімен 12 қатысушы жеңімпаз атанып, тағы 12 үміткер ынталық танытқан болып есептелді.
Облыс жеңімпаздары болып, келесі сайыскерлер танылды: Қармақшы ауданы №99 орта мектеп оқушысы – Рсалиева Жаннұр мен Жангаскаева Альфия, Қызылорда қаласы №144 орта мектеп оқушысы – Смағұл Ақниет, Арал ауданы №292 орта мектеп оқушысы – Тәуекелов Нұрлыжан, М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің студенті – Ерлен Ұлжан.
Қызылорда облысының Полиция департаменті мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!