2020 жылы Қызылорда өңірінде 61 сыбайлас жемқорлық қылмысы анықталған. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ардақ Ерсейітов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алдын алу іс-шараларымен қатар біз жедел іздестіру және жедел тергеу қызметін жүргізудеміз. 2020 жылы департамент 61 сыбайлас жемқорлық қылмысын анықтады. Оның негізгі бөлігі – парақорлық, сондай-ақ, жымқыру және алаяқтық фактілері», – дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ардақ Ерсейітов.
Оның айтуынша, 71 сыбайлас жемқорлық қылмыстық ісі өндірісте болса, оның 36-сы сотқа жолданған.
«Аяқталған қылмыстық істер бойынша залал сомасы 1 млрд теңгеден астам. 1 млрд теңге залалдың 94% өндірілді. Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін 11 адам сот үкімімен әртүрлі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Есептік кезеңде азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзуға, қылмыстық істерді қосымша тергеуге, қайтаруға жол берілген жоқ. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабына сәйкес 61 ұсыныс енгізілді. Оның ішінде 55 ұсыныс қаралды. Нәтижесі бойынша 236 мемлекеттік қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде біреуі қызметінен босатылып, 7 адам жұмыстан шығарылды», – дейді ол.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!