Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі – жол сапасының төмендігі. Көлік қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін бұл мәселе әсіресе еліміз бойынша өзекті. Тас жолдардың жиі жөндеуді қажет етуі, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, қыс мезгілінде жолдардың уақытылы тазаланбауы және ауыр жүк көліктерінің салдарынан жолдың тозуы – өңір тұрғындары үшін алаңдатарлық жағдай. Осы мәселелерді жан-жақты қарастырып, нақты шешімдер ұсыну мақсатында Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы арнайы сараптамалық талқылау ұйымдастырды. Талқылауға Көліктік бақылау инспекциясы, Жол активтері сапасының ұлттық орталығы, Жергілікті полиция басқармасы, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы секілді жауапты мекемелердің өкілдері қатысып, өңірдегі жол инфрақұрылымына қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Талқы барысында жолдардың сапасын жақсарту, көлік қозғалысы қауіпсіздігін күшейту және ақылы жолдарға қатысты түйткілдер жан-жақты сараланып, нақты ұсыныстар айтылды.

Жол сапасы мен қауіпсіздік – басты назарда

Жиынды ашқан ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Дәуренбеков өңірдегі жолдардың жағдайына тоқталып, тұрғындар тарапынан жиі айтылатын мәселелерді атап өтті. Оның айтуынша, тас жолдардың жиі жөндеуді қажет етуі, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі және қыс мезгілінде жолдардың уақытында тазаланбауы көлік қозғалысына кері әсерін тигізіп отыр.

– Жолдардың сапасыздығы көлік қозғалысының қауіпсіздігіне айтарлықтай кері әсер етеді. Инфрақұрылым жеткіліксіз, кейбір жолдар жыл сайын жөндеуді қажет етеді. Жол белгілерінің жоқтығы, жарықтандырудың әлсіздігі, жол жиегіндегі апатты жағдайлар – мұның бәрі жүргізушілер үшін қауіпті. Сонымен қатар, ақылы жолдарға қатысты да халықтың наразылығы бар. Тарифтер сапаға сай болуы тиіс, ал қазір бұл талапқа көңіл бөліну кемшін екені байқалады. Сондықтан бұл мәселе жүйелі шешімдерді талап етеді, – деді Нұрбек Дәуренбеков.

Оның айтуынша, Қазақстан бойынша жол-көлік оқиғаларының саны күрт өсіп келеді. 2023 жылы республика көлемінде алғашқы айдың өзінде 1000-ға жуықтаса, 2024 жылдың қаңтар айында бұл көрсеткіш 1000-нан асқан. Ал осы көрсеткіш биылғы жылдың алғашқы айында 2000-ды көрсетті. Бұл статистика жол қауіпсіздігі мәселесін қайта қарау қажеттігін көрсетеді.

Қызылорда облысындағы жолдардың сапасы мен көлік қоғалысы мәселелері талқыланды

Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының көліктегі бақылау бөлімінің басшысы Қанат Әбішев ауыр жүк көліктерінің жол сапасына кері әсерін, кадр тапшылығын және бақылау механизмдерін күшейту қажеттігін атап өтті.

– Қызылорда облысында жалпы пайдаланылатын автожолдардың ұзындығы 3418,5 шақырымды құрайды. Олардың ішінде республикалық маңызы бар жолдар 1014,5 шақырымды, облыстық маңызы бар жолдар 555 шақырымды құрайды. Бізде көліктік бақылау жұмыстарын жүргізетін бар-жоғы 12 маман бар. Екі бекет жұмыс істейді, алайда біреуін толық қуатта іске қосу үшін кемінде 8 қосымша маман қажет. Бұл мәселені шешу үшін тиісті шаралар қабылдау керек, – деді Қанат Әбішев.

Сондай-ақ, ауыр жүк көліктерінің қозғалысын бақылау бойынша арнайы шаралар атқарылып жатқанын жеткізді. 2024 жылы Жаңақорған және Шиелі аудандарында ауыр салмақты жүк тасымалдаушылармен бірнеше кездесу өткізіліп, талаптар түсіндірілген. Жолдардың мерзімінен бұрын тозуының алдын алу үшін “М-32 Самара-Шымкент” трассасының бойында көліктік бақылау жұмыстары күшейтіліп, заң бұзған 60 тұлғаға 6 миллион теңге айыппұл салынған.

– Жолдардың бұзылуын болдырмау үшін автоматтандырылған өлшеу станцияларын тездетіп орнату қажет. Бұл жүйе ауыр жүк көліктерінің артық салмақпен жүруіне жол бермейді және жол сапасын сақтауға көмектеседі. Сонымен қатар, көліктік бақылау бекеттерінде автокөлік құралдарын тоқтатуға бағынбаған тұлғаларды жауапкершілікке тарту жұмыстары күшейтілуде, – деді Қ.Сламбекұлы.

Жергілікті полиция басқармасының өкілі Бауыржан Байтүков жол қауіпсіздігі мәселелеріне тоқталып, қараусыз жүрген малдың жол апатына себеп болатынын атап өтті. Оның айтуынша, бұл мәселені шешу үшін мал иелеріне жауапкершілік жүктеу, арнайы мал қораларын салу және заңнамалық өзгерістер енгізу қажет.

– Жолдағы малдың қозғалысын бақылау өте маңызды. Біз мал иелерінің жауапкершілігін арттырып, айыппұл мөлшерін көбейту арқылы бұл мәселені реттей аламыз деп ойлаймын. Сонымен қатар, қараусыз малды қамайтын арнайы қоралар салу керек. Малдың кесірінен болатын жол апаттары жылдан-жылға көбейіп келеді, сондықтан заңнаманы қайта қарау қажеттігі туындайды, – деді Б.Байтүков.

Сонымен қатар, партия филиалының басшысы жолдардың уақытында тазаланбауы, аялдамаларда жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін темір бағаналар орнату қажеттігін айтты.

Қызылорда облысындағы жолдардың сапасы мен көлік қоғалысы мәселелері талқыланды

Жиын қорытындысы бойынша бірқатар нақты ұсыныстар қабылданды. Көліктік бақылау жүйесін жетілдіру мақсатында инспекциядағы маман тапшылығын жою үшін қосымша кадр тарту қажеттігі айтылды. Сондай-ақ, жол сапасын бақылау үшін техникалық қадағалаушылардың жауапкершілігін заңнамалық тұрғыда күшейту ұсынылды. Ақылы жолдардың тарифтік саясатын қайта қарап, олардың сапасын көтеру қажеттілігі де қозғалғанын атап өткен жөн. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қараусыз жүрген малды қамайтын арнайы қоралар салу, мал иелерінің жауапкершілігін арттыру және осы бағыттағы заңнаманы жетілдіру қажеттігі көтерілді. Сонымен қатар, жол белгілерін орнату мен жарықтандыруды күшейту, қызметтік көліктерді екі жыл сайын жаңарту және қысқы маусымда жол тазалау техникасын көбейту мәселесі талқыланды. Жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында аялдамаларға темір бағаналар орнату ұсынысы да қолдау тапты. Сарапшылардың пікірінше, бұл ұсыныстарды жүзеге асыру жол-көлік оқиғаларының санын азайтып, облыстағы инфрақұрылымды жақсартуға мүмкіндік береді.

Талқылау қорытындысы бойынша қабылданған ұсыныстар тиісті органдарға жолданатын болады. Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы бұл мәселелердің шешімін табуы үшін бақылау жүргізетінін жеткізді. Сараптамалық талқылау нәтижелері өңірдің жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында нақты іс-шаралар қабылдауға ықпал етеді деп күтілуде.

Ердәулет ҚАЛИЕВ
ЖСДП Қызылорда облысы бойынша
филиалының Баспасөз хатшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!