Бүгін Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өткен жылды қорытындылап, жыл көшінде атқарылған жұмыстар мен қол жеткен жетістіктерді тұрғындарға кеңінен баяндап, халық алдында есеп берді.

Карантин талаптарына байланысты онлайн форматта өткен есептік кездесуге облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысты.

Есептік кездесуін қаланың экономикалық көрсеткіштерінен бастаған шаһар басшысы сөзін жыл ағымында жүзеге асқан жарқын жобалармен жалғады.

«Жалпы жыл қорытындысында Сырдың бас шаһары қаланың әлеуметтік-экономикалық даму қарқынын сипаттайтын барлық негізгі көрсеткіштері бойынша оң нәтижелерге ие болды» – деген, қала әкімі өткен жылы 1 мың 342 қызылордалық баспаналы болғандығын және қазіргі таңда 38 көпқабатты тұрғын үй құрылысының жүргізіліп жатқандығын да атап өтті. Сондай-ақ, соңғы жылдары қалада бірнеше жаңа тұрғын аудан бой көтеріп, 194 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берлігендігін жеткізді.

Шаһар басшысы соңғы жылдары қарқынды құрылыс алаңына айналған облыс орталығының даму динамикасына жоғары деңгейде жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарының да оң әсері барын сөз етіп, жасалған жұмыстарға тоқталды.

Өткен жылы қала аумағында 408 көше түрлі деңгейде жөндеуден өтті. Одан бөлек бірнеше қалалық маңызы бар магистральдар пайдалануға берілді. Мәселен, Ғ.Мұратбаев көшесіндегі көпір мен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» күре жолын жалғайтын ұзындығы 5 шақырымға созылған магистральдың аяқталуы мен аталған жолды автодәлізбен қосуға «Шіркейлі» каналы арқылы өтетін көпір салу өткен жылдың жарқын жетістіктерінің бірі.

Жалпы соңғы жылдары қалада жол құрылысын дамытуға 30 млрд-қа жуық қаржы тартылып, 840 шақырымды құрайтын 1 мың 177 көше жөндеуден өткен.

Жыл көлемінде жеке кәсіпке бет бұрып, мемлекеттік бағдарламалардың игілігін көрген азаматтар да аз болмады. «Бизнестің жол картасы» негізінде 30 тұрғын 57 млн. теңге мемлекеттік қайтарымсыз грант алды. Аталған бағдарлама аясында кәсібіне қолдау тапқан кәсіпкерлердің 161 жобасы 6 млрд. 500 млн. теңгеге қаржыландырылған. Қарапайым заттар экономикасын дамыту бағытын таңдаған 13 азаматтың кәсібін дамытуға 968 млн. теңге бөлініп, «Жаңа бизнес идеяларды» іске асыруға 1 мың 355 азамат 750 млн. теңге көлемінде мемлекеттік грант алған.

Одан әрі сөзін мемлекеттік бағдарламалармен сабақтастырған қала әкімі жылды жоғары көрсеткіштермен қорытындылауға Ел Президентінің бастамасымен жүзеге асқан Жұмыспен қамту «Жол картасы» оң әсерін тигізгендігін ерекше атап өтті. Сонымен бірге Жол картасы аясында жыл бойы атқарылған жұмыстарды жіктеп, халыққа талдап, тарқата айтып берді.

Жол картасы шеңберінде қалада бірнеше мәдениет, білім нысандары күрделі жөндеуден өткізілді. Бөлінген қаражаттарға бұдан бөлек аллеялар, көппәтерлі тұрғын үй аулаларына 45 ойын алаңы, 68 көшеге жаяу жүргінші жолы салынып, 70 дана жаңа аялдамалар орнатылды.

Жылдың жақсы жетістіктерінің, әрбір атқарылған істің артында елдің ауызбіршілігі мен атқарған жұмысы, еселі еңбегі жатыр деген шаһар басшысы биылғы жоспарға енген жұмыстардың маңыздыларымен де бөлісті.

«Ағымдағы жылы СПМК-70 және Сырдария өзенінің сол жағалауында 1 мың 290 пәтерлі тұрғын үйлер құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы жүргізіліп, апаттық үйлерде тұратын отбасылар үшін 50 пәтерлік тұрғын үй салынып, аз қамтылған көп балалы жанұяларды тұрғын үймен қамту үшін 192 тұрғын үй сатып алынатын болады. Жол картасының шеңберінде Қызылжарма ауылдық округінде 900 орындық, Бәйтерек шағын ауданында 600 орындық, мектептер бой көтереді» – деді, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев.

Бұдан бөлек қалада көгалдағы хоккей алаңы, көп қабатты үйлердің аулаларына 10 ойын алаңы, Тасбөгет кентінде денешынықтыру–сауықтыру кешені салынады.

Жылдың жоспарына еніп, басымдық берілген жұмыстардың қатарына Ғ.Мұратбаев – С.Бейбарыс көшелерінде орналасқан көпірлер аралығындағы сол жағалаудағы магистральдың 2 шақырымды құрайтын жалғасының құрылысын жүргізу мен С.Бейбарыс көшесіндегі көпірден Эдельвейс саяжайы арқылы Тұңғыш Президент саябағына дейінгі аралықты қамтитын 1,1 шақырым көше салу енген. Сонымен бірге жоспарда Тәуелсіздік даңғылының жалғасы саналатын 95% жұмыстары біткен «Қызылжарма» каналына дейінгі магистральды аяқтау да бар.

Бұл жолдардың алғашқы екеуінің құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, ел игілігіне берілетін болса, Тәуелсіздік даңғылының жалғасы толығымен сәуір айында пайдалануға беріледі. Шет аймақтарда да жол жөндеу қарқыны саябырсымай,51 шақырым болатын 94 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Бір жылдық белесті бағалап, алдағы жоспарларды айқын жеткізген қала әкімі есептік кездесуді халықтың ұсыныс-пікірін, өтініш-тілегін тыңдаумен жалғады.
Есептік кездесудегі ел тілегі жер, тұрғын үй, түнгі жарықтандыру, электр бағаналарын ауыстыру, жол жөндеу жұмыстарына қатысты болды.

Тұрғындардың талап тілегін мұқият тыңдаған қала әкімі әр мәселенің назардан тыс қалмай уақытылы шешімін табатындығын айтып, «Барлығы өз бақылауымда болады» – деп, түйіндеді.

Есептік кездесудің қорытындысында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова қала әкімінің жұмысына оң бағасын беріп, алдағы бастамаларына сәттілік тіледі.

«Атқарылған жұмыс халықтың көз алдында. Біз облыс орталығының даму үдерісінен оң динамика байқап отырмыз. Қазір қаланың 98 пайызы газбен қамтылған, 86 пайыз жолдары қанағаттанарлық деген бағаға лайық. Бұл жақсы көрсеткіш. Туған жерді түлетуде бар күш-жігерімізді аямайық» – деген облыс әкімі барша қызылордалықтарды өңірді дамыту жолында бірлесіп жұмыс істеуге үндеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!