Қызылорда облысында ауыз су жеткізілмеген шалғай ауылдар баршылық, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мәселен Арал ауданындағы Ақбасты, Қарақұм және Тоқабай елді мекенінің тұрғындары тіршілік нәрін әлі де шахталық құдықтан тартып ішіп отыр. Дегенмен аймақта сапалы сумен қамту мәселесі кезең-кезеңмен шешіліп келеді. «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы шеңберінде Шөміш ауылына су келді. Жалпы теңізді жағалай қоныстанған 57 ауылдың жартысынан астамы таза су желісіне қосылып отыр.
Әсемкүл Мырзалиева тап-таза мөлдір судың үйдің ішінде сарылдап ағып тұрғанына әлі үйренісе алмай жүр. Шөмішке 20 жылдай бұрын келін болып түскен ол «әдет бойынша қауға-шелегін көтеріп, ауыл шетіндегі су торабына тұра жүгіремін» дейді. Жалпы судың келуімен елді мекендегі 500-дей тұрғынның тұрмыстық жағдайы едәуір жеңілдеп сала бергенін айтады. Әсемкүл Мырзалиева,
«Бұрын суды тасып ішетінбіз. Бөшкемен, шелекпен, әсіресе, қыста балаларға қиын су тасу. Енді бүгін мереке қарсаңында үйімізден су ағып қуанып жатырмыз», – дейді Шөміш ауылының тұрғыны Әсемкүл Мырзалиева.
Қосамандағы Толағай жерасты қорына қағылған 30 ұңғыма арқылы 30 мыңдай тұрғынға тәулігіне 22 мың текше су беріп тұрған «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырынан Шөмішке қарай 12 шақырым желі тартылды. Қайта жаңғыртылған бас су торабына қуаттылығы жоғары қондырғылар қойылып, әр үйге есептегіш құралдар орнатылды. Келесі жылы суы жоқ шалғай ауылдарда да осындай жұмыстар басталады. Ислам Қапаров,
«Ақбасты елді мекенінде 3 млрд теңгенің жобасы дайын. Ендігі жылы басталады деп отырмыз. Қарақұм елді мекенінде 3,8 млрд теңгенің жобасы жасалып, биыл ақшасы бөлініп, ендігі жылы басталады деп күтіп отырмыз», – дейді «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбыры өндірістік бөлімше басшысы Ислам Қапаров.
Арал мен Қазалы аудандарының 65 елді мекенін сумен қамтып отырған «Арал-Сарыбұлақ» топтық су құбырына соңғы 3 жылда 9 ауыл қосылды. Енді алдағы 3 жылда қос ауданның барлық елді мекеніне тәршілік нәрін жеткізу жоспарланып отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!