Қазақ даласының әр өңірі өзіндік тарихымен, ерекше көрінісімен дараланады. Солардың арасында Сыр бойы – елдің ежелгі рухани орталығы, талай тарихи оқиғанын куәсі болған қасиетті мекен.
Биыл Қызылорданың астана атанғанына да, халқымыздың асыл «қазақ» атауының ресми түрде қайтарылғанына да 100 жыл толып отыр. Бұл мерейтой – ел тарихындағы ең маңызды беттердің бірі. «Сыр – Алаштың анасы» деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Себебі Қызылорда – қазақтың тарихы мен тағдырын тоғыстырған қасиетті орда.
1925 жылы 15 сәуірде Ақмешіт қаласы Қазақ автономиялық республикасының астанасы болып жарияланды. Сол кезден бастап қала «Қызылорда» атауын иеленді. Бұл шешім тек әкімшілік өзгеріс қана емес, ұлттық санадағы үлкен жанғырудың бастауы болды. Қызылорда астана болған тұста қазақ зиялылары Сәкен Сейфуллин, Тұрар Рысқұлов, Сұлтанбек Қожанов, Ораз Жандосов, Темірбек Жүргенов сынды қайраткерлер халықты жаңа жолға, жарқын белестерге жетеледі. Осы жылдары ұлттық медениетке, білімге, ғылымға қатысты бірнеше бастама көтерілді. Қалада алғашқы мемлекеттік театр, баспа ісі, білім ошақтарының іргесі қаланды.
Қызылорда – қашан да өнер мен мәдениеттің ордасы болып қалады. 1930 жылдары алғашқы қазақ театры құрылып, кейін ол қазіргі Қызылорда облыстық Н.Бекежанов атындағы драма театрына ұласты. Сыр топырағынан шыққан Тұрмағанбет Ізтілеуов, Әбділдә Тәжібаев, Әбіжәміл Нұрпейісов, Әбіш Жиреншин, Қалтай Мұхамеджанов секілді әдебиет алыптары қазақ әдебиетінің қорын байытты.
Қаланың баспасөз тарихы да қуатты. Осы өңірде «Сыр бойы» газеті халыққа рухани азық болып келе жатқанына ғасырдан асты. Газетпен бірге талай қаламгер өсіп шықты. Соның ішінде Қомшабай Сүйенішов, Айжарық Сәдібекұлы, Жақсылық Рахматулла, Әскербек Рахымбеков сынды көптеген ардақты журналистің еңбегі ұрпаққа үлгі-өнеге.
Сонымен қатар, қаламызда «Сыр медиа» атты ең ірі бұқаралық ақпарат құралдарының орталығы орналасқан. Бұл мекеме облыстағы барлық газет-журналдың жұмысын үйлестіріп, халыққа маңызды жаңалық жеткізуде үлкен рөл атқарады. Мұнда заманауи баспахана, журналистерге арналған редакциялар орналасқан. Әрі ол жерде өңірлік журналистиканы дамытуға арналған іс-шаралар, түрлі жоба мен оқыту курстары да өтіп тұрады.
Ал «Анаға тағзым» орталығы ұлттық салт-дәстүрді ұлықтап, ананы қадірлеуге үндейтін бастамаларымен жастардың қызығушылығын тудырады.
Жаңадан ашылған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясында да жасөспірімдердің дарынын дамытып, арман-мақсаттарына жол ашатын түрлі үйірмелер арқылы көпшіліктің қолдауына ие болуда.
Сол секілді облыстық тарихи-өлкетану музейіне барсаңыз, Сыр өңірінің өткен тарихымен, бай мәдениетімен жақын танысуға мүмкіндік туады.
Қызылорда қаласының сол жағалауында 11 мың адам сиятын жаңа стадион салынып жатыр. Мұнда футболшыларға барлық жағдай жасалған. Арнайы жаттығу алаңы, жуынатын жер, киім ауыстыратын бөлмелер бар. Сондай-ақ, төрешілер мен бапкерлерге арналған кабинеттер, ем жасайтын массаж бөлмелері қарастырылған. Жаңа стадион – маңызды нысан. Бұл алаң жастардың спортқа қызығушылығын арттырып, спорттың дамуына жол ашады. Әрине, мұнымен әлі біткен жоқ.
Қаламызда «Келешек мектептері» жобасы бойынша жаңа мектеп ашылды. Бұл – өңірде алғаш рет салынған жалпы орта білім беретін мектеп. Мұнда цифрландыруға мән берілген, ерекше қажеттілігі бар балаларға жағдай жасалған, ал бөлмелері әртүрлі мақсатта қолдануға ыңғайлы.
Бүгінгі Қызылорда – жастардың, жаңа мүмкіндіктердің қаласы. Кейінгі жылдары қалада білім мен ғылымға айрықша көңіл бөлініп келеді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті, аймақтық колледждер мен білім орталықтары мыңдаған жасқа жол ашып отыр. Қалада жастар ұйымдары, еріктілер қозғалысы, мәдени-білім беру жобалары қарқынды дамуда. Спорт саласында да Сыр жастары ел мерейін асырып жүр.
Тәуелсіздік жылдары Қызылорда бұрынғыдан да көркейіп, жаңа келбетке ие болды. Қаланың сәулеті жаңарып, жаңа тұрғын үй кешендері, мәдени орталықтар, спорт сарайлары бой көтерді. Халықаралық «Байқоңыр» аумағы жақындығы да өңірдің мәртебесін арттырды. Экономикада мұнай, уран, құрылыс материалдар өндірісі дамыды. Сырдың суы мен егін даласы халықты асырап отыр.
Қызылорда – қазақ тарихының алтын қазығы. Мұнда астана да болды, қазақ атауы да қайтарылды, мәдениет пен руханият та гүлденді. Бүгінгі уақытта Қызылорда – өзінің тарихын мақтан тұтып, болашағына сеніммен қарайтын жастардың, жаңа идеялардың қаласы. Қызылорданы құндылықтар қаласы деп атауға да болады.
Туған жерім – Қызылордамды қатты жақсы көремін. Осы қалада туғаныма қуанамын. Жайнай бер, жасай бер – Қызылордам!
Ақнұр АЙЖАРЫҚ,
Рахымжан Әліарыстанов атындағы
жеке мектептің 11-сынып оқушысы.
Қызылорда қаласы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!