«Антикор-орталығында» брифинг өтті. Онда Департамент басшысының м.у.а. Асылхан Ашиков бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне кәсіпкерлікті қолдау мақсатында енгізілген «Бизнеске жол» жобасы аясында атқарылған жұмыстар туралы айтты.
Департамент «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, аталған жоба негізінде жергілікті кәсіпкерлердің заңды мүдделерін қорғау және бизнестің дамуына қалыптасқан негізсіз кедергілерді болдырмау бағытында тиісті жұмыстар ұйымдастырып, жүргізіп келеді.
Апта сайын «Атамекен» палатасы алаңында кіші және орта бизнес өкілдерін жеке қабылдау жүргізілуде. Жалпы, жобаны іске асыру басталғалы 540-тан астам кәсіпкерді қамтыған 41 кездесу өткізілді. Проблемалық мәселелерді талдау мақсатында әлеуметтік желілерде, оның ішінде «Атамекен» палатасының интернет-ресурстарында кері байланыс арналары іске қосылған.
– Кәсіпкерлермен жиі көтерілетін мәселелердің ішінде, жер учаскелерін пайдалану мерзімін ұзарту, бизнес жүргізу барысында жергілікті атқарушы органдардан түрлі келісімдер алу, атқарылған жұмыстары үшін тиесілі қаражатын алалмау т.б. бар. Жалпы бүгінгі күні «Бизнеске жол» жобасы аясында 700-ге жуық кәсіпкердің заңды мүдделері қорғалып, жұмысының дамуына ықпал жасалды, – деді Асылхан Амангелдіұлы.
Мысалы, Департаментке жергілікті кәсіпкер шағым білдіріп, онда «Талсуат ауылдық округінде көшені жарықтандыру» бойынша өткізілген конкурста жалған мәліметтерді ұсынған компанияны негізсіз жеңімпаз танығаны көрсетілген болатын.
Біздің тарапымыздан аталған сұрақ жан-жақты зерделеніп, Департаменттің аланыңында жауапты мекеме мамандары мен кәсіпкердің қатысуымен кездесу ұйымдастырылды.
Нәтижесінде кәсіпкердің уәждері негізді танылып, мемлекеттік сатып алу жүргізуге жауапты басқармамен құжаттар қайта қаралатын болып шешілді.
Бүгінгі күні жергілікті Ішкі мемлекеттік аудит департаментінің хабарламасымен аталған конкурс қорытындысы алынып, шағымданған кәсіпкер конкурстың жеңімпазы болып танылды.
Сонымен қатар, кәсіпкердің заңды мүдделері шектелуіне байланысты жауапты бөлім басшысы тәртіптік жауапкершілікке тартылды («ескерту» жарияланды).


Тағы бір мысал, өңірде сұйытылған мұнай газын бөлу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг жүргізіліп, бұл салада кәсіпкерлерге қатысты әкімшілік кедергілер жасау белгілері байқалды.
Атап айтқанда, жергілікті кәсіпкерлер бірнеше ай бойы Энергетика министрлігімен қосымша бөлінген сұйытылған мұнай газ көлемін ала алмаған.
Департаментпен зерделеу нәтижесінде уәкілетті органның комиссиясы тарапынан газ бөлу барысында «таңдаулы» кәсіпкерлерге артықшылықтар көрсетілгені анықталды.
Қазіргі таңда өтініш білдірген кәсіпкерлерге тиісті қосымша газ бөлінді.
Мониторинг көрсеткендей, тоқсан сайынғы негізгі сұйытылған мұнай газ көлемін бөлу рәсімінде де осы жағдайлар қайталанған.
Сонымен қатар, қолданыстағы заңнама талаптарына қарамастан комиссия отырыстарының аудио-бейне жазбалары және газ бөлінісінің есептеулері жұмысшы органның интернет-ресурстарында жарияланбағандығы белгілі болды.
Мониторинг қорытындысымен облыс әкімдігіне тиісті хат жолданып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында шаралар қабылдау ұсынылды.


Сонымен бірге, Департаментке Қызылорда қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары кәсіпкерлік қызметіне негізсіз кедергілер келтіретіндігі жөнінде кәсіпкердің арызы келіп түсті.
Атап айтқанда, кәсіпкер «Күміс жас» жобасы аясында жұмыспен қамту орталығымен 2 (екі) адам жұмысқа алуға келісім-шартқа отырған, алайда оған қарамастан орталық мамандары түрлі сылтаулармен 2-ші адамға қажетті жолдама бермеген.
Бұл мәселе сала мамандарымен бірлесіп талқыланып, нәтижесінде аталған кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді. Қазіргі таңда, қалалық жұмыспен қамту орталығы екінші қызметкерге, үш жылға 2,2 млн.тенге жалақы есептей отырып жолдама берілді.
Кәсіпкердің заңды мүдделері бұзылуына байланысты аталған орталықтың жауапты 2 (екі) қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылды («сөгіс» жарияланды).
Жалпы, қазіргі таңда осы тектес мәселе бойынша 16 кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді.
Жалпы, бүгінгі күні «Бизнеске жол» жобасы аясында Департаментпен 700-ге жуық кәсіпкердің заңды мүдделері қорғалды.
Алдағы уақытта, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады.

Бизнеспен кері байланыс орнату, бизнес өкілдерінің өтініштерін жедел шешу мақсатында Департаментпен «ақпараттық QR-код» әзірленді.
Кәсіпкерлер қандай да бір әкімшілік кедергілермен бетпе-бет келген жағдайда аталған QR-код арқылы автоматты түрде «WhatsApp» мессенджерге өтіп Департаменттің жауапты қызметкерімен байланысып, шағымдарын онлайн-режимде жіберу мүмкіндігі бар.
Аталған «QR-кодтар» жөнінде ақпарат, кәсіпкерлер жиі баратын, яғни қала мен барлық аудандардағы «Халыққа қызмет көрсету орталықтары», жергілікті атқарушы, Мемлекеттік кірістер және т.б. органдар ғимараттарында орналастырылған.
Сонымен қатар, егер кәсіпкерлердің қызметіне кедергілер жасалған жағдайда, әдеттегідей біздің Департаментке, «Атамекен» өңірлік палатасына, «1424 Сall-орталығына» хабарласуға болады.
Бизнес өкілдерінің барлық өтініштері мұқият зерделеніп, біздің тұрақты бақылауымызда болады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!