Қызылорда қаласындағы түнгі клубтардың бірінде азот оксиді құйылған шарлардың ашық түрде сатылып жатқандығы туралы жедел ақпараттың негізінде полиция қызметкерлері рейдтік іс-шаралар жүргізді.

Прокуратура органдарының үйлестіруімен Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында аталған түнгі клубтан 10 литрлік 4 дана газ баллоны және полиэтилен пакетке салынған 6 дана шар анықталып, заттай дәлелдеме ретінде тәркіленді. Сонымен қатар, клуб қызметкерінің кәмелет жасына толмағаны анықталып, оған қатысты тиісті әкімшілік хаттамалар рәсімделді.

Аталған дерек бойынша қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 301-1-бабына сәйкес (шегілмейтін темекі бұйымдарының, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), сондай-ақ оларға арналған хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың заңсыз айналымы) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.

Айта кетейік, рейдтік шаралар «Заң мен тәртіп» жобасы аясында ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдағы тәртіп пен тыныштықты қамтамасыз ету.

Сонымен қатар, демалыс және жұма–сенбі күндері қала аумағында полиция қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп, барлық ойын-сауық орындарында профилактикалық тексеру жұмыстарын жүргізуде.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!