Қызылорда облысында қала, аудан әкімдері мен облыстық басқарма басшыларына декларация тапсырудағы жаңа өзгерістер түсіндірілді.
Облыс әкімдігінде өткен семинарда мемлекеттік қызметті өткеру және мемлекеттік қызметшілердің міндеттемелеріне қатысты бірқатар заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер талқыланды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Рафхат Бисеновтің төрағалығымен өткен семинарға облыстық басқарма басшылары және бейнебайланыс арқылы қала, аудан әкімдері қатысты.
Департамент басшысы мемлекеттік қызметшілерді ротациялау және конкурссыз ауысу қағидаларына енгізілген өзгерістер туралы жан-жақты түсіндірді.
«Ротация қағидаларына енгізілген өзгерістерге сәйкес ротациялануға жататын тұлғалар қатарына саяси қызметшілер мен «А» корпусының әкімшілік мемлекеттік қызметшілері қосылды және лауазымда болу мерзімінің уақыты 8 жылмен шектелді. Сонымен қатар, лауазымға тағайындайтын екі тұлғаның келісімімен «өңір-өңір» принципімен ротациялау мүмкіндігі берілді», – деді Рафхат Бисенов.
Бұдан бөлек, міндетті емес ротациялану қарастырылған. Яғни «Б» корпусының төменгі лауазымдары арасында үш жыл өтілі бар қызметшілерді өзара келісімі бойынша ротациялауға болады. Ротация тек әртүрлі әкімшілік-аумақтық бірліктер арасында жүргізіледі.
Сондай-ақ, «Б» корпусының лауазымдарына конкурссыз ауысудың қағидалары бекітілген. Енді мемлекеттік органның ішінде тең лауазымдарға және соңғы екі жыл бойы мемлекеттік органда төменгі лауазымды атқарған қызметшіні сол органның ішінде келесі жоғары тұрған лауазымға ауыстыру мүмкіндігі беріліп отыр.
Жиын барысында, 2020 жылғы 19 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің Превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Ғалия Әлімқұлова түсіндірме берді.
Келесі кезекте, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілген жалпыға бірдей декларациялаудың алғашқы кезеңі туралы Қызылорда облысының мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Бимырзаев мазмұнды баяндама жасады.
Бірінші кезеңде, яғни 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап, активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны мемлекеттік қызметшілер мен олардың жұбайлары (зайыптары), оларға теңестірілген тұлғалар мен олардың жұбайлары (зайыптары) тапсырады.
Теңестірілген тұлғалар дегеніміз облыс деңгейінде мәслихат депутаттары, квазимемлекеттік сектор мен мемлекеттік ұйымдарда басқарушылық функциялар атқаратын тұлғалар.
Облыс бойынша бірінші кезекте жалпыға бірдей декларация тапсыратын 16847 тұлға бар. Оның ішінде, жергілікті атқарушы органдардың 2043 мемлекеттік қызметшісі және орталық атқарушы органдардың аумақтық бөлімшелерінің 1632 мемлекеттік қызметшісі бар.
Айта кету керек, декларация 2020 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша 250.00-нысанда, тұрғылықты жері бойынша тапсырылады.
Декларацияны қағаз жеткізгіште ағымдағы жылғы 15 шілдеден кешіктірмей, электронды түрде 15 қыркүйектен кешіктірмей табыс ету керек.
Бұл бағыттағы түсіндірме жұмыстары облыстағы барлық мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне жүргізілетін болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!