Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Ұлттық Республикалық Киокушинкай-кан каратэ федерациясының Қызылорда облыстық филиалы бірлесіп, балалар мен жасөспірімдер арасында ірі спорттық жарыс өткізді. Турнир «Қабылан» спорт клубында өтіп, 5 пен 17 жас аралығындағы қатысушыларды 12 салмақ дәрежесі бойынша біріктірді.

Іс-шараның мақсаты – өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттау, қайсарлық пен тәртіпке баулу, сондай-ақ зиянды әдеттердің алдын алу.

Жарыс Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұранымен басталды. Ашылу салтанатында Қызылорда облысы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Бағисов Біржан Бабырұлы және Ұлттық Республикалық Киокушинкай-кан каратэ федерациясының Қызылорда облыстық филиалының директоры Мұханов Бауыржан Оразбекұлы сөз сөйлеп, балалар спортының есірткі қылмысының алдын алудағы маңызды рөлін атап өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен және медальдармен марапатталды. Сонымен қатар қатысушыларға естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды.

Шара ұйымдастырушылары мұндай спорттық сайыстар жастардың дұрыс құндылықтарын қалыптастыруға, теріс ықпалдарға қарсы иммунитетін күшейтуге және спортқа қызығушылығын арттыруға ықпал ететінін атап өтті.

Қызылордада есірткіге қарсы акция аясында карате жарысы өтті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!