Аймақта халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған ауқымды инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Өңірде бір мезетте мәдениет пен білім саласына, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесіне серпін беретін бірнеше ірі нысанның құрылысы басталмақ. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңадан салынатын әлеуметтік және мәдени ғимараттардың құрылыс алаңдарын аралап, жобалардың жүзеге асу барысымен танысты.

Қызылордада ірі әлеуметтік және мәдени нысандар бой көтереді

Руханият ордасы: жаңа кітапхана мен драма театр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Қызылорда қаласында жаңа драма театр мен тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу қажеттігін атап өтті. Президент тапсырмасына сәйкес, бұл нысандардың құрылысы биыл басталады.

Заманауи, көпфункционалды кітапхана инвестор есебінен салынады. Жоба құны – 20 млрд теңге. Ғимараттың жалпы аумағы 13 мың шаршы метрді құрайды және 1 миллионнан астам кітап қорын сақтауға мүмкіндік береді. Жыл сайын мұнда 250-300 мың оқырманға қызмет көрсету жоспарланған.

Кітапханада ашық форматтағы оқу залдары, электронды каталогтар, 50 адамға арналған цифрлық ресурстар бөлмесі, инновациялық медиа-зертхана және подкаст студиясы қарастырылады. Бұл тек кітап оқитын орын емес, ақпарат, білім және шығармашылық тоғысатын жаңа буын мәдени орталығы болмақ. Жоба өңір тұрғындарының заманауи ақпарат көздеріне қолжетімділігін кеңейтіп, зияткерлік ортаның дамуына жол ашады.

Қызылордада ірі әлеуметтік және мәдени нысандар бой көтереді

Ал жаңа драма театрдың салынуы Сыр еліндегі мәдени өмірге тың серпін беретін тарихи қадам. Қазақ театр өнерінің қарашаңырағы саналатын өңір үшін бұл үлкен рухани жаңалық. Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры кейінгі жылдары халықаралық деңгейде танылып, бір жылдың ішінде төрт бірдей халықаралық фестивальде жүлде иеленген. Материалдық-техникалық база нығайып, мамандардың кәсіби дамуына және баспанамен қамтамасыз етілуіне жағдай жасалған.

Жаңа ғимаратта әртістердің сапалы дайындық жасауына, күрделі сахналық қойылымдар мен ауқымды декорациялар қолдануға мүмкіндік туады. Заманауи дыбыс жүйелері мен соңғы үлгідегі техникалық жабдықтар спектакль сапасын жаңа деңгейге көтермек.

Қызылордада ірі әлеуметтік және мәдени нысандар бой көтереді

Денсаулық сақтау саласына серпін

Аймақта медицина инфрақұрылымын жаңғырту да басты назарда. Мемлекет басшысының тапсырмасымен денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асуда. Басты мақсат тұрғындардың сапалы медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру.

Облыс орталығында, Президент паркі аумағында 48,5 млрд теңгеге 200 орындық перинаталдық орталықтың құрылысы басталады. Бұл орталық ана мен балаға мамандандырылған жоғары технологиялы медициналық көмек көрсететін заманауи мекеме болады. Мұнда қабылдау-қарау, стационарлық, диагностикалық, операциялық, реанимациялық бөлімдер, зертхана және ас блогы қарастырылған. Жүкті әйелдерге, босанушыларға және жаңа туған нәрестелерге арналған бөлімдер толық инженерлік инфрақұрылыммен жабдықталады. Жобалық шешімдер санитарлық-эпидемиологиялық талаптар мен заманауи медициналық стандарттарға сай жүзеге асырылады.

Қызылордада ірі әлеуметтік және мәдени нысандар бой көтереді

Сонымен қатар қаланың сол жағалауында 14,78 млрд теңгеге 500 орындық емхана салынады. Бұл – амбулаториялық, диагностикалық және күндізгі стационарлық көмек көрсететін көпсалалы медициналық мекеме. Мұнда педиатрия, акушерлік-гинекологиялық қызмет, шұғыл және мамандандырылған көмек, профилактика және мектеп медицинасы бөлімдері жұмыс істейді. Емханада 50 төсектік күндізгі стационар, орталық стерилизация, оқу кабинеттері, 50 орындық аудитория және 200 орындық конференц-зал болады.

Бұдан бөлек, Титов мөлтек ауданында 10 млрд теңгеге 400 орындық емхананың құрылысы басталады. Жаңа нысанда балалар мен ересектерге арналған емдеу-профилактикалық бөлімдер, функционалдық диагностика, стоматология, әйелдер консультациясы, бейінді мамандар кабинеттері және клиникалық-диагностикалық зертхана орналасады.

Қызылордада ірі әлеуметтік және мәдени нысандар бой көтереді

Жоспарланған бұл жобалар – Сыр өңірінің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңа сапалық деңгейге көтеретін маңызды бастамалар. Бір жағынан рухани-мәдени кеңістік кеңейсе, екінші жағынан денсаулық сақтау жүйесі заманауи талаптарға сай жаңғырады. Бұл бастамалар аймақ тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, Сыр өңірінің даму әлеуетін күшейте түсеріне сенім мол.

А.МАРАТҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!