Қызылорда облысында ет өнімдерінен ішек таяқшалары тобының бактериясы табылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары сәуір айында өнімдердің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу мақсатында 173 сынама сатып алды.

Іріктеп алынған өнімдердің басым бөлігі (71,7%) – тағам өнімдерінің үлесінде.

Жүргізілген сараптама нәтижесінде өнімдердің 14 үлгісі т ехникалық регламенттердің талабына сай келмей шықты.

Микробиологиялық көрсеткіштер бойынша 3 өнімнен сәйкессіздік табылды.

«Сондай-ақ, котлет, тефтели, тартылған ет секілді жартылай фабрикаттардан ішек таяқшалары тобының бактериясы табылды. Мұндай азық-түлікті пайдалану түрлі ішек инфекциясы мен тағамнан улану жағдайына алып келуі мүмкін. Жыл басынан бері тіркелген 281 жедел ішек инфекциясының 88%-ы тағам өнімдерімен байланысты болып отыр», – деп мәлім етті Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.

Техникалық регламент талаптарына сай келмеген өнімдер бойынша өндірушілерге тиісті шара қабылдау қажеттігі жөнінде хабарлама жолданды.

Еске салсақ, Қызылордада жіті ішек инфекциясын жұқтыру 30,5 пайызға артып отыр.

Қызылордада котлет, тефтели секілді ет өнімдерінен ішек таяқшасы табылды

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!