Kyzylorda-news.kz. Облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Наушақызы Әбдіқалықованың қабылдауына келген қала тұрғыны Қызылорда қаласында өнер және мәдениет саласы өкілдеріне арналған арнайы тұрғын үй салынса деген ұсынысын жеткізді. Бұл өңірдегі өнер адамдарының статусын көтеруге, олардың абыройын әлемдік деңгейге жеткізуге, жағдайларын жақсартуға сондай-ақ, сыртта жүрген өнер тарландарын елге тартуға зор мүмкіндік.

«Қазақстан авторлар қоғамы» РМ Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры Талғат Байкенов, өзінің өнерге деген жанашырлығын осылай білдірді. Ол мұнан бөлек, облыс көлемінде өткізілетін конценрттік шараларда Сыр елінде қалыптасқан Шиелі, Қармақшы, Арал жыр мектептерінің өнерін бөліп жармай, бірге өнер көрсетілсе сонымен қатар, күй өнерін дамыту үшін күйшілерді де концерттерге үнемі тартуды ұсынды.

Партия филиалының төрағасы, облыс әкімі өнер саласын қашанда қолдайтынын тілге тиек етіп, өнер және мәдениет саласы өкілдеріне арналған арнайы тұрғын үй салу мәселесін қабылданып жатқанын жаңа заң талаптарын зерделеу немесе кәсіпкерлердің қаржылай демеушілігімен шешу мүмкіндіктерін қарастырып көруді, жыр, күй өнерінің өкілдерін концерттік бағдарламаларға жиі қатыстыруды тиісті сала басшыларына тапсырды.

Жалпы өңір басшысының қабылдауына жазылған азаматтар тұрақты жұмыспен қамту, тұрғын үй, мүгедектікке шығару мәселелерін алға тартты. Мәселен, К.Бархатов есімді қала тұрғыны өзінің 20 жылдан бері «Созылмалы өкпе» диагнозымен ауыратындығын, бір өкпесінің жоқтығынан өзінің жұмысқа жарамсыз екенін алға тартып, 2020 жылы МСЭҚ-тың шешімі бойынша алынып тасталған 3-топтағы мүгедектігін қайта рәсімдеуге көмек сұрады.

Мәселені өзінің тікелей бақылауына алған аймақ басшысы нақты зерттеп, мүмкіндігінше заң тұрғысынан қарастыруды, облыс бойынша еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Е.Ш.Жалғасбаевқа және азаматтың тұрақты емделуіне қолдау көрсетуді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы С.Б.Пазыловқа тапсырды.

Жалпы қабылдау барысында азаматтардың барлығының өтінішін облыстық партия филиалының төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Наушақызы тікелей өзінің бақылауына алып, қолдау көрсетілетіндігін айтты. Аймақ басышысына тікелей өтініштерін білдірген азаматтар да көтерген мәселелерінің нақты шешімін табатындығын естіп, жақсы көңілмен тарқасты.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!