22 тамыз күні Kyzylorda Hub алаңында ерекше атмосфера орнады. Мұнда жас кәсіпкерлер мен студенттер «Pizza Pitch» аясында өз идеяларын таныстырып, жобаға қатысты пікір алмасты. Бұл стартап-іс-шарасын Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Ақпараттық технологиялар орталығы» мен Kyzylorda Hub бірлесе ұйымдастырды.

Кештің басты мақсаты – жастардың инновациялық ойларын қанаттандыру, IT-стартап экожүйесін дамыту және қатысушыларға сарапшылар алдында жоба қорғау тәжірибесін беру. Басқаша айтқанда, бұл – идеяны таныстырып қана қоймай, оны кәсіби ортада шыңдауға мүмкіндік.

Жалпы 7 жоба таныстырылды. Залға 50-ден астам адам жиналып, әрбір жобаға қызығушылық танытты. Қазылар алқасы жастарға тек пікір айтып қана қоймай, болашақта жобаларын қалай жетілдіруге болатыны жайлы құнды кеңестер берді.

Қазылар алқасының құрамын Алмат Қуанышбаев – «Grand Master» IT-мектебінің жетекшісі, Жандос Оразмаханов – Қорқыт ата атындағы ҚУ рекрутинг және мансап басқармасының басшысы, Нұрлан Құлмырзаев – Жасанды интеллект институтының директоры және Жанарыс Тубекбаев – Kyzylorda Hub жетекшісі толықтырды.

Таныстырылған жобалардың легі мынадай:

«Dabyl» – ауа сапасын бақылайтын құрылғы (Болатқызы Гүлім, Атымтай Надира);

«ENTellect AI» – ҰБТ-ға дайындалуға арналған платформа (Айтбай Бекмұхаммед);

«Career Mentor AI» – жасанды интеллект арқылы мансаптық жоспар құру (Қанат Ернұр);

«FitWise» – дұрыс тамақтану мен жаттығу жоспарын ұсынатын шешім (Әбдіқадыр Ильяс);

«Kutim.kz» – жеке бет күтімі жоспары, AI көмегімен (Жақсыбай Толғанай, Мейрамбекқызы Джаниель);

«Movelink» – жүк тасымалын жеңілдететін цифрлық логистикалық платформа (Дүзенов Нұрдәулет);

«FitLife» – онлайн фитнес бағдарламасы мен жаттықтырушылар тізімі (Бекжанов Арман).

Шараның ресми бөлігі аяқталған соң, қатысушыларға арнайы сертификаттар мен мерч табысталды. Бірақ кеш мұнымен шектелмеді, бейресми networking басталып, жастар пицца үстінде емін-еркін пікірлесіп, жаңа таныстар тапты. Сарапшылар қатысушыларға шабыт беріп, жобаларын қалай алға жылжытуға болатынын айтты.

«Pizza Pitch» Қызылордада жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін іс-шара. Ал Kyzylorda Hub жастар үшін тренингтер, уоркшоптар мен түрлі стартап-бәйгелерді тұрақты түрде ұйымдастыра береді.

Салтанат СЕЙТЖАН,
Kyzylorda Hub бизнес-инкубаторының менеджері

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!