Қала тұрғындарының басым көпшілігі қоғамдық көлік қызметін пайдаланады десек қателеспейтін шығармыз. Оның ішінде мектеп оқушылары да бар. Яғни, күнделікті жұмыстағы адам таңертеңгі сағат 6- дан бастап түнгі сағат 22-ге дейін қоғамдық көліктің қызметін тұтынуына тура келеді. Одан кейін сенбі, жексенбі күндері де жеке шаруасымен қала орталығына қатынайтындардың қарасы көп. Демек, тұрғындар үшін қоғамдық көлік қызметі – басты қажеттіліктің бірі. Алайда…
Қала ішінде қатынайтын автобустардың мәселесі айтыла-айтыла жауыр болды. Сол айтылған мәселеден бір нәтиже болмаған соң амалсыз жауырды жаба тоқып, жүре береміз. Енді қайтпек керек? Такси қызметін ара-тұра болмаса, күнделікті пайдалану кім-кімге де оңай емес.
Қоғамдық көлікке келейік, жан-жағыңдағы жайсыздықтан жүйкең шаршайды. Дәл осы күні көліктердің іші қолайсыз ыстық, сонда да тола адам. Яғни, көліктердің қатынау ара қашықтығы тым ұзақ деген сөз. Содан болар, автобусқа отырғаннан көлік тізгініндегі адамның келесі жүргізушімен ерегісі басталады. «Ерте жүрдің», «кеш жүрдің» деп бір-бірімен айғайласып, дауласып (боқтап-боралап) жатқаны. Көлік ішінде келе жатқан адамдарды көзге де ілмейді. Қоғамдық ортадағы қарым-қатынас мәдениеті қайда қалды? Жарайды, оны да елемей-ақ қояйық. Ал, бір бағыттағы көліктер қатар келіп қалса, жанталасып жарысатынын қайтерсіз?.. Оның соңы жол апатына да ұшыратып жатыр. МАИ қызметкерлері неге осының алдын алмайды? Көлік тізгінінде отырып, ұялы телефонмен сағаттап сөйлесетін жүргізушіге жол қауіпсіздігін жолаушылар ескертіп әлек. Әрине, оған құлақ асса… Сол сияқты, қоғамдық көліктерде билет талап етіп жатқан ешкім жоқ. Құзырлы мекеме тарапынан көліктердің қызмет көрсету барысын қадағалап, тексеріп жүргенін бірде-бір рет көрген емеспіз. Қазіргі жүрген көліктердің басым бөлігі ескі, жол ортасында бұзылып қалып жатады. «Сонда олар осындай жауапты жұмысқа қалайша рұқсат алған?» деген ой еріксіз мазалайды…
Айта кетейік, қала орталығында қатынайтын 1, 11, 14, 17, 18-ші бағыттағы автобустарда қызмет көрсету сапасы қалыпты, өйткені көліктің іші кең болған соң, сыйымдылығы көтереді. Ал, тұрғындардың көбіне шағым айтатыны – 5 бағыттағы көліктер. Бұл бағытта үнемі адам көп болады. Әйтсе де, шағын «Мерседес» автокөлігі өте қолайсыз. Мейлі, мәселе көліктің қандай екенінде емес, кей маршруттарды сағаттап күтетініміз шаршатады.
Күнделікті жұрт жұмыстан қайтатын қарбалас кезде автобустардың іші лық толып, есігі әзер жабылып бара жатады. Ілінсең іліндің, ілінбесең қала бересің. Бұл әсіресе, Наурыз елді мекеніне қатынайтын – 2, 12 және Сабалақ елді мекені бағытындағы 28-ші көліктерге байланысты. Кейде қатарынан екі-үш автобусқа жолаушылар сыймай қалатын кездер бар. Жаз мезгілі болса, тәуекел. Ал қыстың көзі қырауда оқушы балалардың сарылып автобус күтуі оңай емес. Бұл жөнінде сұрастырсақ, көліктер жекеменшікте болғандықтан, «өз тәртібімен» жүреді екен. Ал, құқығыңды талап етсең, сен бір өзге ғаламшардан келгендей, өшіге қарайды. «Көнсең осы, көнбесең түс те кете бер» дегендей дөрекі жауап аласың. «Тәуекел, бас аман, бүлінген ештеңе жоқ», – дейсің де қолыңды бір сілтеп, дау-дамайдан аулақ жүргенді қалайсың. Бірақ осындай салғырттықтың соңы жақсылыққа апармайды. Тағы бір мәселе, жаяу жүргіншілер арнайы белгіленген жолақтан «жанын шүберекке түйіп» жүгіріп, әзер өтеді. Олай етпесе, жүйткіп келе жатқан көліктің жылдамдығын тежейтін түрі жоқ. Осыдан келіп қаншама оқыс оқиғалар орын алып жатыр?..
Жалпы, қаладағы көлік қозғалысы көңіл көншітпейді Бұл да біздегі қоғамдық қызмет көрсету мәдениетінің қалыптаспағаны, сондай-ақ, адам қауіпсіздігінің әлі де өзекті екендігінің көрінісі.
Айтпақшы, таяуда облысқа құны 50 млн тұратын 150 автобус келе жатқанынан хабардармыз. Әйтсе де бұл қала ішіндегі тозығы жеткен көліктерді алмастыратын болса керек. Осы орайда «шеткі аймақтар мәселесі шешімін табар ма екен?» деген сауал көкейде тұр.
Ғазиза ӘБІЛДА.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!