Қызылорда облысында жергілікті уақыт 20.00-де ауыл әкімдерінің сайлауы аяқталды. Мәліметтерге сүйенсек, сағат 19:00-дегі сайлаушылардың 78 пайызы дауыс берді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаев мәлімдеді.
«Барлық 54 сайлау учаскесі жабылды. Сайлау учаскелерінде дауыстарды санау процесі басталды. Бюллетеньдер саны – 36 432 дана. Барлығы Конституциялық заңға сәйкес өтуде. Арыз – шағымдар түскен жоқ. Айта кету керек, бюллютендерді санау барысында жергілікті байқаушылардың назарынан тыс қалмайды. Барлығы қадағаланып отыр»,-деді Ғалым Қонақбайұлы.
«Полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқаруды жалғастыруда.Сайлау кезеңінде құқық бұзушылықтар тіркелген жоқ. Жалпы облыста осы сағатқа қатысты жағдай тұрақты»,-деді облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Шамшидин Амитов.
«Індет жұқтырғандармен байланыста болған сайлаушылар үйден дауыс берді. Бұл ретте дауыс беру пәтерге, үйдің ішіне кірмей ұйымдастырылды. Мұндай дауыс беру байланыссыз тәсілмен мысалы баспалдақ алаңында, үй аумағы маңында жүргізілді. Сайлауда санитариялық талаптар және әлеуметтік ара-қашықтық сақталды»,-деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!