Халық арасында бірі «Қызылордада жүргізуші куәлігін беріп жатқан жоқ» десе, енді бірі «Шымкенттен» 100 мың теңгеге әкелдім», «Тараздан 60 мыңға алуға болады» деген әңгіме жүр. Қызылорда қаласында жүргізуші куәлігі берілмесе, даңғарадай ғимаратта кімдер, не үшін жұмыс істеп отыр? Талапкер қандай сынақтан өтеді? Қанша қаражат жұмсайды? Әріптесім Рыскелді Жахманмен бірге зерделеп келдік.

Қаладан Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жол тарттық. Екі қабатты ғимаратқа Ashyg жүйесімен тексеріліп, бетперде киіп кірдік. Кірген соң дәл алдымызда тіркеу бөлімінде бас маман Бағлан Алмасұлы «Алғаш рет жүргізуші куәлігін алуға келіп тұрмын» дегенімде, «Жеке куәлігіңізбен кассаға барып медициналық бақылаудан өту үшін 8300 теңге және жүргізуші куәлігін алу үшін БАЖ салығы 3800 теңге төлейсіз» деді.

Қызылордада жүргізуші куәлігі  "қанша" тұрады?

Ақшаны төлеп, чекті алған соң, медициналық тіркеуден өту үшін 17 кабинетке бардық. Онда Тұрсын Иманғазина дәрігер-терапевт бақылауынан өттік. Мұнан бөлек, окулист, психолог, нарколог мамандарыда тексереді. Әрі қарай талон алып құжат өткізуге бардық. Күту залында өңшең жас қыздар мен жігіттер. Бұл жерге жаңағы медициналық бақылау кабинетінен алған «форма 073» анықтамамызды, жеке куәлігімізді, қандай да бір оқу орталығында оқыған болсаңыз сертификатыңызды өткізесіз.

Қызылордада жүргізуші куәлігі  "қанша" тұрады?

Мұнан соң тест тапсыру кабинетіне жібереді. Онда сізді 40 сұрақ күтеді. Бұл сұрақтардың 32-не дұрыс жауап берсеңіз теориядан өттіңіз. Әрі қарай даладағы алаңда практикадан өтуіңіз қажет. Диспечер бөлімінде Қазыбек Тойшыбаев пен Гүлжан Ғабитқызы жұмыс істейді. Қазыбек көлік басқаруда талапкерге бағыт-бағдар берсе, Гүлжан компьютер арқылы ғимараттың ішінде бақылау жасайды.

Қызылордада жүргізуші куәлігі  "қанша" тұрады?

– Көліктегі планшет пен ғимараттағы компьютер бір жүйеге қосылған. Талапкер көлік басқару кезінде қандай ереже бұзды, неден жаңылды бәрін өзі анықтап, тиісті баллды да өзі қойып, «өтті», «өтпеді» деген белгілерді де автоматты түрде шығарады. Дайындалып келсе тестен де өтеді, практиканы да сәтті тапсырады,» – дейді Гүлжан Ғабитқызы.

Көлік айдап үйрену алаңына бізде бардық. Автокөлікке отырып, басқарып көрдік. Ережелерді білмегендіктен өтпей қалдық. Бір рет өтпесеңіз тағы екі рет тегін сынақ тапсыруға мүмкіндігіңіз болады. Практикаға дайындықпен келген жөн. Тестен өтіп, көлік басқаруда қателескендерге тамаша мүмкіндік, «тестен өтті» деген сертификаты 6 айға жарайды. Алты ай ішінде осы мекемеге келіп, күніне ақылы 2000 теңгелік сынақтан өтіп үйренсеңіз болады. Мұнан бөлек, автомектептерде немесе жақын адамыңызбен өзіңіз қала сыртында айдап үйреніп алсаңыз жеткілікті.

Қызылордада жүргізуші куәлігі  "қанша" тұрады?
Көлікке отырарда қорқынышыңызды жеңіп, еркін отырыңыз!

Қызылордада жүргізуші куәлігі  "қанша" тұрады?
Ереже білсең, мұқият бол!

Біз сол маңдағы жастармен тілдестік. Назым Азатқызы, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың 4 курс студенті, өз бетінше ғаламтордан ережелер іздеп тауып, жаттап, тест тапсырды. Тестен өткен ол енді көлік айдауда сәл қиналып тұр. Себебі бұрын жиі айдамаған соң, қысқа жол, мың сан белгілерде шешім қабылдай алмай жаңылып жатқанын айтты. Ал Әділжан Ілияс барлық 40 сұраққа жауап берді. Ол үйіндегі «Қазақтанның жол ережелері» деген кітаппен дайындалғанын жасырмады. Ізденген адамға жол ережелерін табуға, оны жаттап алуға болады.

Қызылордада жүргізуші куәлігі  "қанша" тұрады?

Екі сынақққа да дайындалып келсеңіз, сәттілік сіздің қолыңызда. Көп кешікпей жүргізуші куәлігіңіз де дайын болады. Ең бастысы, жалқаулықты ысырып қойып, күнделікті уақыт бөліп дайындалу қажет. Байқағаныңыздай жол шығындарын қоспағанда 13 000-ға жуық қаражат төледік. Жемқорлыққа жол беріп жүрмеңіз, өзіңіз әбден дайындалып барыңыз. Көлік басқаруға да білім керек. Өзіңіздің де жолдағы жолаушының да өмірі сіздің қолыңызда.

Гүлбану МАҚАЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!