Қызылорда облысы «жасыл аймаққа» тұрақтап, эпидемиологиялық күрделі жағдайдың алдын алуға дайын. Бұл туралы аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықованың есеп беретін онлайн кездесуінде белгілі болды.

Бүгінге дейін Қызылорда облысында коронавирус індетін 3736 адам жұқтырған. Оның 3601-і ауруынан айығып, өкінішке орай 16 адам өмірден өткен. Былтыр Қызылорда қаласынан заманауи үлгідегі 200 орындық модульді жұқпалы аурулар ауруханасының құрылысы жүргізіліп, толықтай аяқталды. Сәуір айында пайдалануға берілмек.

«Бұған қосымша 3200 төсек-орын мен 3500 медицина қызметкерінен тұратын кадрлық резерв жасақталды. Екі айға жететін дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қоры қалыптастырылып, оған жергілікті бюджеттен 488 млн. теңге қаржы бөлінді. Облыстағы медициналық ұйымдар қажетті медициналық жабдықтармен толық қамтылды. Сонымен қатар 686 оттегі концентратор және 251 ИВЛ, 8 компьютерлік томограф, 66 рентген аппаратымен қамтамасыз етілген. Көпбейінді облыстық және Қазалы ауданаралық ауруханаларында оттегі стансалары іске қосылды» , – деді аймақ басшысы.

Айта кетейік, облыста тоғыз ПЦР аппараты жұмыс жасайды.  Тұрғындардан тәулігіне 1000-1500 сынама алынуда.

«Бүгінгі күні аймақта жаппай вакцинациялау жұмыстары жүргізілуде. Вакцина салдыру – әр адамның жеке қалауы. Мәжбүрлеу жоқ. Ең маңыздысы, әр адам өзінің, туыстары мен жақын адамдарының денсаулығына  мұқият болу керек. Бұл – бүгінгі күннің талабы», – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Kyzylorda-news.kz.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!