Kyzylorda-news.kz. Қызылордада мектептер арасында «Серіктес директорлар» лигасы құрылып, жаңа идеяларын жобалау үшін, көшбасшылық қасиеттерін дамыту және тәжірибе алмасу мақсатында облыстық іс-шаралар жоспары бекітілді.
Білім беру жүйесін жетілдіруге және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға, инновациялық ғылыми зерттеулерді әлемдік деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
«Лиганы ұйымдастыру және басшылық жасауды облыстық Білім басқармасының, қалалық, аудандық білім бөлімдері жүзеге асырады. Қазіргі уақытта серіктес мектептердің наурыз айына жоспарланған шаралары басталды. Мәселен бүгін №176 мектепте «Серіктес мектептердің» тренер, шебер педагогтері арасында «Мектептің сымсыз болашағы», «Мүмкіндіктер шегінен шығып қарайық» «Мұғалімнің есеп теориясы» тақырыбында әдістемелік марафон өтуде», – деді С.Лапин атындағы №261 орта мектеп директоры Қарлығаш Әбдрахманова.
«Мектеп-лицейде «Оқуға ұсынылатын 20 кітап» жобасы жүзеге асуда. Жобаның негізгі идеясы – балалардың кітап оқу дағдысын қалыптастыру. Сондай-ақ, оқушылардың әлем әдебиеті классиктерінің шығармаларына қолы жете бермейді. Сол себепті kitap.kz сайтындағы шетел әдебиеті классиктерінің шығармаларын тізімге қостық», – деді Ш.Есенов атындағы №153 мектеп-лицей директоры Қанат Әмзиев.
Бүгінде мектептер вертикалды басқаруға қарай ойысуда. Ұжымды басқару ең бірінші ұжымда жақсы атмосфера қалыптастыру, оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру, үштік одақпен оның ішінде ата-анамен қолжетімді түрде қарапайым байланыс орнату.
«Біз Әл-фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік университетінің химия және химиялық технология кафедрасымен де оқушыларға мамандық таңдауға байланысты кәсіби бағытта, ғылыми зерттеушілік бағытта жұмыстар жүргізу жөнінде келісімге келіп отырмыз. Мектеп-лицейімізде «Оқуға құштар ұлт – Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «101-ге 101 кітап» акциясы өтуде, осыған байланысты «KOWORKING» орталығы ашылды», – деді Ә.Мүслімов атындағы №101 мектеп-лицей директоры Айгүл Өткелбаева.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!