Фото: Нұрболат Нұржаубай
Қызылорда қаласында тұратын 85 жасқа толған қария Бектай Сүлейменов 34 жылдан бері облыс орталығында тал өсірумен айналысады. Қазір ол кісі 8 гектар алқапты баққа айналдырып, 2 миллионға жуық тал егіп үлгерген.
Ол кісі 1965 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын орман шаруашылығы мамандығы бойынша бітірген. Жарты ғасырдан астам уақыттан бері туған топырақта ағаш егу ісін жандандырып келеді. 1991 жылы «Бағбан» шаруа қожалығын құрып, жасыл желекті жайқалтуға белсене кірісті.
Қала сыртында орналасқан баққа бара қалсаңыз, байырғы бағбанның бейнеткеш тірлігіне көз жеткізуге болады. Соның айғағы ретінде жайқала өскен жасыл желек көңіліңді көтере түседі.
«Қызылордада ағаш өсіру қиын. Өзім де талай шыбық ектім, шықпады. Ерінбей қайта-қайта талпынып, нәтижеге жеттім. Қазір ауламыздың көгеріп, жасыл желекке малынып тұр. Алғашқыда бұл аумақта 4-5 сотық жерге ағаш егуді бастаған екен. Оған шағын насосты пайдаланған. Бүгінде бұл аумақта алма, алмұрт, шие, сары өрік, қара өрік, жиде, жүзімнің үш-төрт сорты, тау аршасы, бот арша, боз арша сияқты көптеген ағаш түрлері бар бар. Сыр өңірінің табиғи жағдайында көшетті күзде егудің қажеті жоқ. Өйткені, оның тиімділігі төмен екенін байқау қиын емес. Сондықтан әрбір талды көктемде егіп, көктетіп жіберуге болады. Ал жазда қылқан жапырақты ағашты ексең болады. Қызылорданың топырағы тұзды. Мұнда ағаш ексең өліп қалады дейді көбі. Бірақ ол жалқаудың сөзі. Қылқан жапырақтыларды 11 жыл бұрын ектім. Қазір 5 метрге дейін өсті», – дейді қарт бағбан.
Сондай-ақ ол кісі тубдиспансерде емделіп жатқан науқастарға арналған тиімді емдеу жолын ұсыныс ретінде айтып жүр. Бұл әрбір тұрғын үшін пайдасы тиетіні анық.
«Бізде өкпе ауруына шалдыққан науқастар үшін жасыл желектің пайдасы мол. Олардың емі біткесін дәрігерлер науқастарға Көкшетау, Солтүстік Қазақстан өңірлеріндегі қарағайлы аймақтарға баруға кеңес береді. Оны өзімізде де жасауға болады ғой. Бұл мәселе жергілікті биліктің қолдауы қажет. Соның нәтижесінде 7-8 гектар жерге ағаш егуге болады. Оған өзім де атсалысамын. Науқас тал арасында таза ауа жұтып жүрсе, денсаулығын түзеуге көп көмектесер еді», – деді ол.
Қарт бағбан күн сайын 8 гектар жерді айналып, ағаштарға күтім жасайды. Шыбық егеді, суарады, шөбін отайды. Облыс орталығынан әуежайға бара жатқан жолдағы ағаштардың бәрі қарт бағбан өсірген ккөшеттерден шыққан.
Еске салсақ, жақында Қызылорда облысында күріш жинау басталды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!