Кеше ғана құрылыста сылақшы болып жүрген 27 жастағы Гүлмайдан Серікбай бірнеше күнде кестесі тығыз, бос уақыты аз жұлдызға айналған. Желіні “жарған” жас келіншектің енді жеке көмекшісі де бар екен. Бір-ақ түнде жұлдыз болып оянған әйел жеке өмірі, шығармашылығы жайлы Stan.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне айтып берді. 

Гүлмайданның өнердегі есімі – Дана. Не себепті лақап ат қойғанын сұрап едік, адамдар есінде тез сақталуы үшін дейді. 

“Гүлмайдан есімі қазірдің өзінде біреуге айтсаң, есте сақтауға қиындау. Әке-шешесі бұрыннан Дана, Даночка деп еркелететін. Дана есімін бала кезден қолданған. Есте қаларлықтай болған соң осы есіммен шықты”, – дейді көмекшісі Гауһар.

Гүлмайдан Серікбай 27 жаста. Қызылорда облысындағы Шиелі ауданы Бестам ауылының тумасы. Әнші Қорқыт Ата университетінде «жоғары музыкалық білім» мамандығында оқыған. 

Айтуынша, отбасы бала кезден қыздарының әнші болғанын қалаған, өнерге баулыған. Есімін де сол кезде қазаққа аты шыққан әншіге ұқсатып, ырымдап қойған.

“Үйде Гүлмайдан Сүндетова есімді әншінің суреті болатын. Есімімді сол кісінің фотосына қарап, әнші болсын деген мақсатта берген. Ата-әжемнің тілегі қазір орындалайын деп тұр. Бала кезден әкемнің, анамның, ата-әжемнің арманы осы еді. Әсіресе марқұм анам армандайтын еді. Талай байқауларға қатысқанда қасымда жүгіріп жүретін”, – дейді әнші. 

Жайлауда мал бағып жүріп ән айтатынмын

“Ауылда мал бағып жүріп, жайлауда өлең айтатынмын. Ол кезде оқымаған етінмін, менде табиғи дауыс болды. Кейіннен мектеп бітіріп, музыкалық білім алдым. Өкінішке қарай, 3 курсты ғана бітірдім. Оқуымды аяқтай алмадым. Оның себебі 2017 жылы анамның қайтыс болуы еді”, – дейді ол. 

Осыған қарамастан Гүлмайдан музыканы тастамағанын айтады.

“Қызылорда қаласында кафе, мейрамханаларда музыканың сүйемелдеуімен жанды дауысты ән айтатынмын. бірақ тойға шықпадым. Шыққан емеспін. Өйткені мен жанды дауыста айтқанды ұнататынмын.  Бір жағынан, тұрақты жұмыс істеуді қаладым.  

Карантин басталған соң кафе, мейрамханалар жабылды. Жаңа үйлердің құрылысы басталып жатқанын көріп, құрылысқа жұмысшы болып кіріп кеттім. Содан бері екі жылдай құрылыста жұмыс істедім”, – дейді Гүлмайдан. 

Жаңалықты естігенде әкем көзіне жас алды

Қазіргі уақытта әнші отбасымен Алматыда тұрып жатыр. Төрт жастағы ұлы бар. Отбасым жаңа ашылған мүмкіндіктерге бірге қуанып, қолдап отыр, дейді ол.

“Әрине, отбасым қолдайды. Әкем, ұлым үшеуіміз тұрамыз. Әкем көзіне жас алып қуанып жатыр. Ол кісінің арманы болатын. Барған жеріне мені ертіп, “қане, айтып берші” деп елге мақтанып жүретін. Бүкіл ағайын-туыс құттықтап, қолдауын аяп жатқан жоқ”, – дейді әнші келіншек.

Алматыға арман қуып келдім

Қысқа уақытта осындай танымалдылыққа ие боламын деп ойлаған жоқпын дейді Гүлмайдан Серікбай.

“Алматыға арман қуып келдім. Соның өзінде дәл қысқа уақытта осылай болып кетеді деп ойлаған жоқпын. Бұған көршім, Тик-Ток түсіріп жүрген қыз себеп болды. Мен тартынып, қызықпайтынмын. Менен де басқа әншілер көп, нем бар деп жүрген едім. Бір күні даусым ашылып әдемі болып тұрды. Бөлмеде жаңғырық бар екен. Бар жан-тәніммен беріліп ән айта бастадым. Сөйтсем, мені видеоға түсіріп тұр екен. Кейін қарасам, жап-жақсы шығыпты. Міне, осылай екі күн өтер-өтпестен танымал болып шыға келдім. Тик-Ток-та жақсы қаралым жинап жатқаннан кейін қазіргі көмекшім Гауһар Инстаграм жүргізу туралы ұсынысын айтты”, – дейді әнші. 

Қызықтың бәрі алда

Әншінің көмекшісі Гүлмайданның алыс-жақын жоспары – өнерін жоғары деңгейге жеткізу дейді.

“Әрине, әрекетімен, халықтың қолдауымен. Діттеген мақсатқа жетіп, авторлық әндерін халыққа ұсыну”, – дейді ол. 

Гүлмайдан осы жағдайдан соң жақсы мүмкіндіктердің ашылғанын да жасырмады. 

“Көреміз” бағдарламасына шақыру алдым. Үлкен жобаларға әзірге шақырып жатқан жоқ, –  дейді Гүлмайдан. – Құпия жоба бар. Ұйымдастырушылар айтпауымды өтінді, эксклюзив болады деп отыр. Қызықтың бәрі алда, нәтиже болғаннан кейін бөлісетін боламын”, – дейді әнші. 

Гүлмайданның көмекшісінің айтуынша, қазіргі уақытта әлі ән жазып үлгермеген. Әншінің әлі продюссері де жоқ көрінеді. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!