Қыс мезгілінің бел ортасына келдік. Еліміздің кей аймақтарында бұл мезгілде қаланы қалың қар басып, суығы бет қаратпай тұрған болар. Ал Сырдағы күн райы сәт сайын құбылып, осы күні көктемнің соңғы күндерін бастап өткізіп жатқандаймыз… Бір жағынан біздің жұрт бұл мезгілді асыға күте қоймайды. Себебі өзгелер секілді 3 ай бойы шанамен сырғанап, мұз үстінде демалыс ұйымдастыра алмайтынын жақсы біледі. Оған күн райы да «рұқсат» ете бермейді. Шындығында жаздың кештерін көңілді өткізетін қызылордалық жастар қысқы мезгілде қайда барып уақыт өткізеді? Бүгін көптен көкейде жүрген осы мәселе төңірегінде қалам қаузайтын боламыз.

Сыр туризмінің хәлі қалай?

Негізгі тақырыпқа ойыспас бұрын ең әуелі өңірдегі туризм саласының жайына ден қойдық. Өйткені біздегі туризм саласының ақсап тұрғаны жасырын емес. Бірақ қолға тиген мәліметтерді сөйлетсек, салада айтарлықтай өсім бар екенін аңғаруға болады. Мәселен, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, барлық бағыттар бойынша оң нәтиже тіркеліп отыр.

Тарқата кетсек. 2024 жылдың II-тоқсанында туристер саны 27,5%-ға артып, 67 мың адамды құрады (2023 жылы бұл көрсеткіш 53 189 адам болған). Туристік ағымның артуы туризм саласына құйылған инвестиция көлемінің өсуімен қатар жүруде. Облыстың даму бағдарламасы аясында ағымдағы жылы 19,7 млрд теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған болса, қаңтар-тамыз айларындағы көрсеткіш 19,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 2,8 есеге өсті.

2024 жылдың II-тоқсанының қорытындысы бойынша, облыста 157 орналастыру орны жұмыс істеп тұр. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12,2%-ға жоғары. Қазір жалпы сыйымдылығы 806 орынға арналған 5 шипажай қызмет көрсетеді. Осы жылдың қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша, шипажайларға 11 277 адам келіп демалды.

Туризмді дамыту мақсатында облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, өңірдің туристік әлеуетін ілгерілететін арнайы веб-сайт әзірленуде. Сонымен қатар жақында Арал өңірінде Орталық Азиядағы алғашқы «Geopark Aral» туристік маршруты іске қосылды.

Өңірдің туристік мүмкіндіктерін арттыру және ішкі туризмді дамыту шеңберінде жаңа автовокзал пайдалануға берілді. Ал сыртқы туризмді дамыту үшін Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы іске қосылуға дайын. Бұдан бөлек, өңірде алғаш рет Қызылорда – Анталия бағытында халықаралық рейс ашылды.

Қысқы туризмнің қағажу қалған келбеті

Сыр туризмі оң көрсеткіштерімен қуантқанымен, қала тұрғындарына жаз мезгілінде ғана қыдыру қолайлы секілді. Мәселен, орталықтағы парк, түрлі суға түсуге арналған демалыс орындары, жағажайды атап өтсек болады. Алайда қыс мезгілінде айналшықтап, бір-екі жердің төңірегінен аспаймыз. Жастар шабаданын арқалап басқа қалаға, қалтасы көтерсе, шетелге шығып кетеді.

Шетел көрген адам – мың кітапты оқығанмен пара-пар болады екен. Дегенмен еліміздегі туризмнің осы бір тұста әлі ақсап тұрғанын байқаймыз. Ел көлеміндегі бұл мәселе Қызылорда қаласын да айналып өтпек емес. Өңірдегі ахуал көңіл көншітпейтіні шындық.

Хош… Одан бөлек, демалыс орындарындағы баға құны көпшіліктің ынтасын қашыратыны рас. Қазіргі нарық жағдайына байланысты бағаның өсуін түсінуге болатын шығар. Бірақ бұл мәселенің әлі де «әттеген-ай» дегізетін тұстары бар екені жасырын емес. Айналып келгенде «Arai City Mall»-дан шықпаймыз.

Демалыс уақыт қызықты сәттер мен құнды естеліктерге толы болуы керек. Дегенмен қала студенттері мұндай мүмкіндіктің аз екенін айтып-ақ келеді.

– Қыс мезгілінде қаламыздың тұрғындары үшін таза ауада серуендеуге және демалуға арналған орын саны шектеулі екені бәрімізге белгілі. Расында, жылдың суық мезгілінде көптеген адам табиғат аясында уақыт өткізіп, қар мен мұзды сезінгісі келеді. Алайда көбі мұндай мүмкіндікті өз қаламыздан таба алмай, Шымкенттегі «Тау самалы» шаңғы базасы, Алматыдағы «Медеу» сынды әйгілі демалыс орындарына аттануға мәжбүр. Бұл жағдай қала ішінде де қысқы демалысты ұйымдастыруға мүмкіндік жетіспейтінін көрсетеді.

Бұл мәселені біржақты ету үшін қысқы саябақтарды ұйымдастыру идеясын қарастыруға болады деп ойлаймын. Мұндай саябақтарда сырғанақтар, шаңғымен немесе сноубордпен сырғанау жолдары, балаларға арналған ойын алаңдары қарастырылса, тұрғындар арасында үлкен қызығушылық туар еді. Қалада кафеден көп ештеңе жоқ-ау, бірақ жоғарыда атап өткен саябақтарда орналасса, атмосфераға толы кездесулер ұйымдастыруға болады деп ойлаймын, – дейді қала тұрғыны Данагүл Таңатова.

Ойыңызда жүрсін!

Өңір жастарының қысқы мезгілде бас сұғатын жерлер аз екенін сіз бен біз жақсы біліп отырмыз. Десек те жастар аялдауға тұрарлық бірнеше локацияларға тоқталып өтелік.

«Мұз айдыны» кешені. Қаладағы қысқы демалыс орындарының бірі – «Мұз айдыны» кешені. Бұл кешен сырғанақ тебуді ұнататындар үшін таптырмас орын саналады. Өткен жылдың соңғы деректеріне сүйенсек, мұнда демалушылар саны 70 мыңнан астам адамды құраған. Кешеннің бағалары да қолжетімді: бір сеанс (45 минут) ересектер үшін 1200 теңге, оқушылар мен студенттер үшін 1000 теңге. Ал 7 жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін. Бұл – отбасылық демалыс пен достармен көңіл көтеруге арналған тамаша мүмкіндік.

«Нұрсәт» теннис корты мен «Үстел теннисі» орталығы. Қысқы спорт түрлерін ұнатпайтындар үшін атап өткен орталықтар жақсы балама бола алады. Мұнда достарыңызбен бірге уақытты тиімді өткізіп, денсаулығыңызға пайда тигізе аласыз. Бұл кешендер жыл бойы жұмыс істейді және қала тұрғындары арасында танымалдыққа ие.

«Dalacrafts» шығармашылық студиясы. Егер спорттан гөрі шығармашылыққа қызығушылық танытсаңыз, «Dalacrafts» студиясы – сізге арналған орын. Мұнда сазбалшықтан құмыра жасап, сурет салып, ерекше естеліктер қалдыруға болады. Студия отбасылық демалыс, достармен немесе жұбыңызбен уақыт өткізу үшін өте қолайлы. Келушілер өз қолдарымен жасаған бұйымдарын естелік ретінде алып кете алады.

«Ранчо 83» демалыс кешені. Табиғат аясында тынығуды қалайтындар үшін «Ранчо 83» кешені – тамаша таңдау. Бұл орталық жыл бойы жұмыс істейді және мұнда экзотикалық құстарды тамашалап, қояндарды тамақтандыруға болады. Сонымен қатар атпен серуендеу мен жануарлармен уақыт өткізу арқылы ерекше әсер алуға мүмкіндік бар. Бұл орын балалар мен ересектер арасында үлкен қызығушылыққа ие.

«Legend_paintball_kzo» орталығы. Демалуға және түрлі эмоцияларды сезінуге арналған пейнтбол ойын алаңы бар. Тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейтін бұл алаң келушілерді ойынға арналған кез келген құралмен қамтамасыз етеді. Ойын уақыты екі сағатты құрайды, ал құны адам басына 4 мың теңге. Достарыңызбен барып, көңіл көтеріп қайтуға таптырмас жер.

Сондай-ақ қалада боулинг, бильярд, виртуалды арена секілді қызықты ойындар қызметін ұсынатын кешендер бар.

Қорытындылай келе, қысқы туризмді жандандыру – уақыт талабы. Қызылорда қаласындағы қысқы демалыс орындары сан алуан болғанымен, әлі де даму қажет екені айқын. Қысқы саябақтар мен арнайы шаңғы жолдарын ұйымдастыру, табиғат аясында сырғанақ тебу алаңдарын жасау сияқты бастамалар қаланың туризм саласын жаңа деңгейге көтере алады. Сонымен қатар қолданыстағы нысандардың санын арттырып, сапасын жақсарту да маңызды.

Демалыс тек көңіл көтеру ғана емес, сонымен қатар жанға жайлы естеліктер қалдыратын сәттерден тұруы тиіс. Қала тұрғындары мен жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ұсыну – аймақтың әлеуметтік және экономикалық дамуына да оң ықпал етеді. Ал сіздің сүйікті демалыс орныңыз қандай?

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!