Қызылордалықтар қоғамдық көліктердің жүріс-тұрысын «2GIS» мобильді қосымшасы арқылы бақылай алады. Онда жолаушы баратын жерге қай автобус өтіп бара жатқандығын және жақын аялдамаға автобус қанша уақыттан кейін келетіндігін де көре алады. Бұл мүмкіндіктердің барлығы жолаушыларға жақын арада қолжетімді болады. Бүгінде қосымшаны орнатудың соңғы сатылары жүргізілуде.

Еске салсақ, бүгінде мекеменің барлық автобустарына “автоинформатор” орнатылып, пилоттық режимде автоматты аялдамалар қызметі жұмыс жасауда.

Автобустарға арналған “автоинформатор” арқылы жолаушыларға автоматты түрде аялдама атауларын, жолаушыларға қалта ұрлығынан сақ болуын, жол жүру билетін талап ету қажеттігін хабарланып отырылады. Арнайы навигация жүйесі ескертулерді толығымен автоматтандыруға мүмкіндік береді, яғни жүргізуші көлік жүргізу барысында алаңдамайтын болады, – деді «Автобус паркі» Қызылорда» ЖШС директорының орынбасары Әмірбек Шаймағамбетов.

Бұл автоматтандырылған қосымша арқылы тек аялдамалар туралы ақпарат ғана емес, сонымен қатар жүргізушілер мен жолаушылар сақтауы және ұстануы тиіс ережелер, қоғамдық көліктерде ақы төлеу түрлері мен жол жүру бағасы да жолаушылар назарына ұсынылып отырады.

«Біздің басты міндетіміз – жолаушыларға сапалы қызмет көрсету! Технологиялардың дамыған кезеңінде біз де уақытпен бірге ілесуге тырысып, жаңа дүниелерді енгізу арқылы қызметтерімізді жаңғыртудамыз. Жол жүру ақысын төлу тетіктерін дамытып, тұрғындар ыңғайына оңтайландыру үшін жұмыс жасауда. Бүгінгі таңда қоғамдық көліктерде электронды форматта жол жүру ақысының 8 түрі қолданылады. Ересектерге арналған қолма-қол жол ақысы – 90 теңге болса, онлайн түрде 85 теңгеге төлеуге болады. Ал оқушылар 40 теңге төлейді», – деп ерекшеліктерді атап өтті “Автобус паркі» Қызылорда” ЖШС директоры Мақсат Жүсіп.

Айта кетейік, бүгінде мекеме №1, 3, 11, 12, 14, 15, 17, 18, 19, 20, 22, 25, 28, 29, 30, 31 қала ішілік бағыттары және «Ягодка», «ПМК – 29» бен «Қараөзек»саяжайлары бойынша жолаушылар тасымалдарын жүзеге асырады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!