Қызылша – дене қызуының 38-40° С-қа дейін көтерілуімен, көз, мұрын жұтқыншақ, жоғарғы тыныс алу жолдарындағы қабыну құбылыстарымен, бөртпенің пайда болуымен сипатталатын жіті инфекциялық ауру.

Инфекция көзі – науқас адам. Вирус ауа-тамшы жолы арқылы ауру адам түшкірген, сөйлеген кезде таралады. Егер адам бұрын-соңды қызылшамен ауырмаған болса және осы инфекцияға қарсы вакцина алмаған болса, онда науқаспен байланыста болғаннан кейін ауруды жұқтырып алу ықтималдылығы өте жоғары болады.

Қызылшамен ауыратын науқас айналасындағылар үшін 7-10 күн ішінде қауіпті. Қызылшамен ауырып, сауыққаннан кейін адамдарда өмір бойына иммунитет пайда болады. Бұл аурумен қайталап сырқаттану жағдайы өте сирек кездеседі. Қызылшамен сырқаттанған кезде күрделі асқынулар пайда болуы мүмкін. Оларға өкпенің қабынуы, орта құлақтың қабынуы, кей жағдайда энцефалит тәрізді асқынуларға ұласуы мүмкін.

Қызылорда облысында 2025 жылы лабораториялық зерттеу нәтижесімен нақтыланған қызылша ауруының 339 жағдайы тіркелді, оның ішінде 316 дерек – 14 жасқа дейінгі балалар арасында анықталды. Науқастардың 71% қызылша ауруына қарсы екеп алмаған. Вакцинаның толық курсын алмағандығы себепті иммунитет қалыптаспай, салдарынан ауруға шалдығу деректері де аз емес. Сырқаттанушылықтың басым көпшілігі, яғни 91% – Қызылорда қаласының үлесінде. 2024 жылмен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткіші 1218 дерекке төмендеген. Қазіргі таңда қызылша ауруы еліміздің өзге облыстарында да анықталып, таралуда. Осы ретте қауіптің алдын алу үшін сақтық шараларына салғырт қарамау маңызды.

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті ата-аналарды Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес баланың 12-15 айлығында және 6 жасында қызылша, қызамық пен паротитке қарсы вакцинаны уақытылы алу қажеттігін ескертеді. Сонымен қатар жеке бас гигиенасын сақтауды, салауатты өмір салтын ұстануды, ауру белгілері байқалған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, шұғыл түрде дәрігердің көмегіне жүгіну қажеттігін ұсынады.

Әлия Әбдіқайымова
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!