SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда Алмалы аудандық сотында блогер Ілияс Сариев пен оның серіктесі Ақтоты Дүйсееваға қатысты сот процесі басталды.
Істе барлығы 26 жәбірленуші бар. Олардың басым бөлігі — мүмкіндігі шектеулі балалары бар ата-аналар.
Сотта куәлік еткен Айман есімді жалғызбасты ана Ілиястың сеніміне кіріп, 750 мың теңгеден айырылғанын айтты:
«Қызымның еміне ақша жинауға көмектесемін деді. Алдымен 100 мың теңге сұрап, видео түсіретін адамдарға төлеймін деді. Кейін тағы- тағы ақша сұрап отырды. Барлығы 750 мың теңгедей жібердім. Бірақ уәде еткен қаражат жиналмады. 29 наурызда-ақ бізді алдағанын түсіндік», — деді ол.
Онлайн қосылған өзге аналар да блогердің «ақша жинап беремін» деген сөзіне сеніп қалғандарын жасырмады. Бір жәбірленуші:
«Егер Ілияс ақшаны қайтарса, кешірім беремін. Қасында жүрген Дүйсееваға қатысым жоқ», — деді.
Ал Сариевтің адвокаты Эльнура Кішкенебаева істі «ақша жинау мерзімдері нақты көрсетілмеген келісім» деп сипаттады:
«Ілиястың тарапынан зақым келтіретін әрекет болмаған. Барлық видеоларын жариялады, тек бір айға кешіктірді», — деді ол.
Келесі сот отырысы 25 қыркүйекте жалғасады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!