ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жасалатын рақымшылық аясында кәмелетке толмаған сотталушылар неге қамаудан босатылмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысында «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын таныстырған Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа депутат Жанна Телпекбаева кәмелетке толмаған сотталушыларға рақымшылық жасау мәселесі бойынша сұрақ қойды.

«Бүгінде бізде Алматы қаласында кәмелекет толмағандардың жазасын өтеуге арналған жалғыз мекеме бар. Онда кәмелетке толмаған 52 жас қамауда отыр. Олардың бәрі аса ауыр және ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған. Сондықтан олардың ешбірі рақымшылыққа жатпайды. Тек кәмелетке толмаған 12 сотталушының тәртібі мен жасаған қылмысының ауырлығына байланысты жаза мерзімі жартылай немесе үштен біріне қысқартылады. Олардың ешбірі қамау орнынан босатылмайды», – деді министр.

Айта кетейік, Мәжіліс аталмыш заң жобасын мақұлдады.

«Биыл егемен еліміз үшін елеулі кезең. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасы әзірленіп, бүгін мақұлданып отыр. Әрине, рақымшылық мемлекет тарапынан жасалып отырған ізгі және сенім шарасы. Сондықтан бұл жолы да алдымен мемлекеттің және азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп келтірмейтін қылмыс жасағандар босатылады. Сонымен бірге осы заң жобасында алғаш рет әлеуметтік төмен топқа ерекше назар аударылып отыр», – деді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!