11 наурыз күні Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының алаңында «Әділ әрі прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпыұлттық коалициясы өкілдерінің қатысуымен мазмұнды кездесу өтті.

Референдум қарсаңында Кәсіпкерлер палатасында сарапшылармен кездесу өтті


Жиынға Палата қызметкерлері, сондай-ақ «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржылық ұйымының қызметкерлері қатысып, алдағы маңызды саяси науқан – 15 наурызда өтетін республикалық референдум аясында ұсынылып отырған конституциялық өзгерістер мен толықтырулар кеңінен талқыланды.

Кездесу барысында шақырылған сарапшылар қатысушыларға конституциялық реформаның мәні мен маңызы туралы жан-жақты ақпарат беріп, жаңа Конституция жобасында көзделген негізгі өзгерістерді түсіндірді. Сарапшылар бұл өзгерістер елдегі құқықтық жүйені жетілдіруге, қоғамның дамуына және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын одан әрі нығайтуға бағытталғанын атап өтті.

Референдум қарсаңында Кәсіпкерлер палатасында сарапшылармен кездесу өтті


Алғашқы болып сөз алған Асылбек Теңелұлы жаңа Конституция мен қолданыстағы құжаттың арасындағы негізгі айырмашылықтарға тоқталып, оның тарихи алғышарттары мен қабылдану кезеңдері туралы кеңінен баяндады. Ол конституциялық реформаның ел дамуының жаңа кезеңіне сәйкес келетінін айтып, оның мемлекет басқару жүйесін жаңғыртудағы рөлін ерекше атап өтті.

Келесі спикер Жанна Мейрамбекқызы өз сөзінде шағын және орта бизнесті қолдау бағытындағы жаңа тетіктерге тоқталды. Ол Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті дамыту, бизнеске қолайлы орта қалыптастыру және отандық кәсіпкерлердің мүмкіндіктерін кеңейту жөнінде берген тапсырмаларына сәйкес енгізілген өзгерістер туралы айтып, бұл жаңашылдықтардың кәсіпкерлік саласының дамуына оң ықпал ететінін жеткізді.

Өз кезегінде Әліби Төлепбергенұлы жаңа құжатта қарастырылған отбасы құндылықтарын қорғау мәселелері, діни ағымдарға қатысты реттеулер және Қазақстан халқы ассамблеясының қоғамдағы рөлі туралы кеңінен сөз қозғады. Ол аталған өзгерістер қоғамдағы тұрақтылық пен бірлікті сақтауға бағытталғанын атап өтті.

Жалпыұлттық коалиция мүшесі әрі Палата директоры Пірмұхаммед Сыздық өз сөзінде мемлекеттік тілге қатысты енгізілген толықтыруларға тоқталып, жаңа өзгерістердің тіл мәртебесін нығайтудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар ол кездесуге қатысқан спикерлер мен қатысушыларға белсенділік танытқандары үшін алғысын білдірді.

Кездесу еркін форматта өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын ашық қойып, пікір алмасу арқылы ортақ талқылау жүргізді. Сарапшылар қойылған сұрақтарға нақты жауап беріп, ұсынылған өзгерістердің мазмұнын жан-жақты түсіндірді.

Жиын соңында сарапшылар алдағы референдумға барша азаматтарды белсенді қатысуға шақырып, елдің болашағын айқындайтын маңызды шешімге әрбір қазақстандықтың үлес қосуы қажет екенін атап өтті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!