Бүгін – республикалық референдум! Таңғы сағат 7.00-де Қызылорда өңіріндегі референдум учаскелері ашылып, өз жұмысын бастады.
Аймақта 378 референдум учаскесі бар. Оның 126-ы Қызылорда қаласында, 252-і аудандарда орналасқан.
- Учаске ашылған сәттен бастап алғаш келген тұрғындар дауыс беруде. Әрбір екі сағат сайын Орталық референдум комиссиясы азаматтардың келуі бойынша ақпараттарды ұсынатын болады.
Аймақтағы 378 учаскенің 27-і азаматтардың уақытша болу орындары яғни жабық учаскелер қатарында. Бұл учаскелерде тізімге енген азаматтар толық дауыс беріп болса, дауыс беру уақыты ерте аяқталуы мүмкін.
Өңірде 492 524 азамат дауыс беруге құқылы. Тұрғындар кешкі 20.00-ге дейін өз аумағындағы учаскелерге келіп дауыс бере алады,- деді Қызылорда облысының аумақтық референдум комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!