«AMANAT» партиясы жанындағы респбликалық және облыстық штаб мүшелері мәдениет саласының өкілдерімен кездесіп, сайлаушыларға референдумның мән-маңызын түсіндірді.

Республикалық штаб мүшесі Базара Танбаева алдымен сала мамандарын  мерейлі мерекелерімен құттықтап, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан ұлттық өнеріміз бен мәдени мұрамызды насихаттаудағы еңбектеріне алғыс білдірді. Сонан соң кездесудің негізгі мақсаты бойынша референдумның маңыздылығын түсіндіріп оны қолдауға шақырды.

«Бұл науқан «Жаңа Қазақстан» құру жолындағы алғашқы нақты әрі батыл қадам. Өйткені, мемлекеттік құрылыстың құқықтық негізін құрайтын Ата Заңымызға енгізілетін өзгерістер халық талқысына шығарылып, барша қазақстандықтардың ой-пікірін ескере отырып, қабылданбақ. Сондықтан, 5 маусым күні өтетін референдумға бір кісідей қатысып, Жаңа, әділетті Қазақстанның алғашқы қадамын нығайтуға бағытталған өзгерістерге дауыс берейік»,- деді Базара Танбаева.

Жиында референдумның маңыздылығына тоқталған облыстық штаб мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Уайс  халық даусының шешуші рөл атқаратынын, оған әр азаматтың атсалысуы керектігін атап өтті.

«Соңғы 27 жыл ішінде Конституцияға бірнеше түзетулер енгізілді, бірақ оларды Парламент қабылдады. Енді азаматтар түзетулер үшін дауыс береді. Алдағы референдумда біз сайлаушы болмаймыз, біз дауыс береміз. Әрбір азамат алдағы саяси өзгерістерге өзінің қатыстылығын сезінуі тиіс.» деді.

Маңызды шара туралы толық мәлімет алған мәдениет саласының ұжымы алдағы науқанда ел дамуына үлес қосатындарын жеткізді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!